Өскемен қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты емделушінің зейнетақы жинағынан артық ақша алып, қайтармаған стоматологияны жауапқа тартты, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемен тұрғыны 2021 жылы біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделу үшін стоматологиялық емханамен жалпы сомасы 2 000 000 теңгеге шарт жасасқан. Алайда, іс жүзінде оған небәрі 415 000 теңгеге имплантация мен протездеу қызметі көрсетілген.
Қалған 1 585 000 теңгені мамандардың жоқтығын сылтауратып, талап қоюшыға қайтармаған.
Емхана басшылығы сотқа дейінгі өтініштерге қарамастан, қаражатты қайтарған жоқ және сот процессіне қатыспады. Нәтижесінде, сот стоматологияны емделушінің «Отбасы банкінде» ашылған арнайы есепшотқа 1 585 000 теңгені қайтаруға, сондай-ақ 220 411 теңге мөлшерінде сот шығындарын өтеуге міндеттеді, — дейді соттың баспасөз қызметі.
Шешім заңды күшіне енді.




