Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл – Ішкі істер министрлігінің жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Polisia.kz сайты келтірген ақпаратқа сенсек, республика бойынша қылмыстық істер құрылымындағы интернет-алаяқтықтың үлесі 26%-ға жетті.
Құқық қорғау органдарының күшімен 81 SIM-бокс пен 100 мыңнан астам тіркелмеген абоненттік нөмір тәркіленді. 6 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді, оның ішіндегі біреуі – трансұлттық. Жалған нөмірлерден келіп түсетін халықаралық қоңырауларға техникалық тосқауыл қойылды.
– «Антифрод-орталығы» аясында екінші деңгейлі банктермен бірге жүргізілген өзара іс-қимыл нәтижесінде 67 миллионнан астам алаяқтық қоңырау, 4 531 жалған сайт, жалпы сомасы 2,7 миллиард теңге болатын есепшоттар бұғатталды. Шетелдік әріптестермен бірлесіп 7 Call-орталық жойылды, елімізде осындай 5 орталықтың қызметі тоқтатылды. ІІМ бастамасымен Интерпол және 40 елдің құқық қорғау органдарының қатысуымен халықаралық арнайы операция жүргізілуде, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.




