Қазақстанда паллиативтік көмекте қолданылатын дәрілердің тізбесі кеңейтілді, қазір ол 18 атауды қамтиды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі стационарларда паллиативтік көмек көрсету тарифін және көшпелі мобилдік бригадаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты. Бұл пациенттер үшін көмекті қолжетімді етуге және паллиативтік қызметтің инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде 2 087 паллиативтік төсек орналастырылған, оның 81-і – балалар төсегі. Барлық 20 өңірде 220 мобилдік бригада жұмыс істейді. Паллиативтік көмек көрсететін 9 дербес мекеме Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Абай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді.
Мұндай қолдауды қажет ететін пациенттердегі аурулардың құрылымы әртүрлі, атап айтсақ:
- онкологиялық аурулар – 41%,
- жүрек-қан тамырлары аурулары – 27%,
- тыныс алу ағзаларының аурулары – 12%,
- жарақаттар – 11%,
- туберкулез – 2%.
– Сонымен қатар, қазір тәсілдерді біріздендіру, қызметтердің сапасы мен мультидисциплиналық командалардың тиімділігін арттыру үшін паллиативтік көмекті ұйымдастырудың жаңа ұлттық стандарттары әзірленуде. Әлі де маңызды қадамдар жасалуы керек сала – балалар паллиативіне ерекше назар аударылады, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.




