2025-2026 жылғы эпидемиологиялық маусымда (1 қазаннан 17 қараша аралығында) ШҚО-да жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 45 937 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 6 340,41 адамға тең болды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 27 193 жағдай анықталып, жалпы аурушандықтың 59,2%-ына жетті. 1 жасқа дейінгі 728 бала, жүкті әйелдер арасында 126 жағдай тіркелді, деп хабарлайды F16.kz порталы ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, облыс тұрғындарының ЖРВИ-мен сырқаттанушылығы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрақты деңгейде. Көрсеткіштер көпжылдық статистикалық бақылау деңгейінен аспағандықтан, шектеу шаралары енгізілген жоқ.
– Тұмаудың зертханалық расталған 5 жағдайы тіркелді, барлық жағдайда A/H3N2 типі анықталды, – деп мәлім етті ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қ.Тұрдиев.
Оның айтуынша, тұмаудың бұл 5 жағдайы Өскемен қаласында тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда – 4 жағдай. Бір жасқа дейінгі балаларда, жүкті әйелдерде және екпе алғандар арасында тұмау анықталмаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес 2025-2026 жылғы маусымда A/H3N2 вирусының белсенді айналымы күтілген болатын. Биылғы вирусологиялық зерттеулер бұл болжамды толық растады. «Гонконг тұмауы» деп аталғанымен, бұл – жыл сайын айналымда жүретін қауіпсіз маусымдық вирус, алдын алу шаралары бар: тұмауға қарсы екпе алу, қол гигиенасын сақтау, антисептик қолдану, маска тағу, үй-жайларды желдету және ылғалды тазалау.
Респираторлық вирустарға жүргізілген 368 зерттеудің 93-інде оң нәтижелер анықталды:
- риновирус – 63;
- бокавирус – 1;
- аденовирус – 29.
2025-2026 маусымында облыста коронавирустық инфекцияның 2 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,7 есеге төмендеді.
Тұмауға қарсы екпенің тиімділігін ескере отырып, биыл жергілікті бюджет есебінен 76 721 360 теңгеге «Гриппол плюс» вакцинасының 75 мың дозасы сатып алынды. Қосымша 2 мың доза жұмыс берушілер мен ақылы егу мақсатына алынды. Екпе тәуекел топтарына (жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, диспансерлік есептегі балалар, интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің контингенті, созылмалы аурулары бар және 60 жастан жоғары тұрғындар) қолжетімді.
– Қазіргі уақытта облыс бойынша 74 530 адам тұмауға қарсы екпе алды: тәуекел топтары – 72 519 адам (96,7%), жұмыс беруші есебінен – 1 831, ақылы түрде – 180 адам, – деп хабарлайды ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.




