Ұлан ауданы Жанұзақ ауылында жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Спортзал құрылысына облыстық блім басқармасынан қаражат бөлінген. Жобаның жалпы құны – 102 млн теңгеге жуық. Бас мердігер – «Древстроймаркетинг» ЖШС.
Жалпы аумағы – 404,52 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта жаттықтырушы кабинеті, қыздар мен ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, душ, санитарлық тораптар мен өзге де қажетті бөлмелер қарастырылған.
Спортзал тиісті құрал-жабдықтармен және барлық қажетті инженерлік желілермен жабдықталған. Енді ауылдағы мектеп оқушылары дене шынықтыру сабағын осы спортзалдың ішінде өткізеді.
Аталған жоба өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға, балалар мен жасөспірімдер үшін спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Осы спортзалдан әлемдік додаларда көк туымызды желбірететін чемпиондарымыз шықсын. Ең бастысы, балаларымыз денелерін шынықтырып, жан-жақты дами берсін. Бүгінде Ұлан ауданындағы 32 мектептің ішінде спортзалы жоқ үш білім ордасы қалды. Алдағы уақытта оларға да осындай спортзалдар саламыз, – деді облыс әкімі.




