Ғалымдар үш мемлекетті көктей өтіп, Солтүстік мұзды мұхитқа құятын Ертіс өзенінің қазіргі жағдайына алаңдайды. Трансшекаралық өзен суының бірде мол, бірде «шөл» болуы, уақыт өте күрмеуі қиын экологиялық проблемаға айналуы мүмкін. Оған климаттың өзгеруі, гидроэнергетика, суды шаруашылыққа пайдалану көлемінің ұлғаюы, өндіріс қалдықтарымен ластануы сияқты мегафакторлар әсер етіп отыр.
Шығыстағы ең лас су көздері
Бастауын Моңғолияның Алтай тауларынан алатын Ертіс өзенінің жалпы ұзындығы – 4248 шақырым. Оның 1698 шақырымы Қазақстан аумағымен өтеді. Зайсан көліне құярда Қара Ертіс аталып, ағып шыққанда Ұлы Ертіске айналатын алып өзенге қазақ жерінде Қалжыр, Алқабек, Күршім, Бұқтырма, Үлкен Бөкен, Нарын, Қайыңды, Үлбі, Ұлан, Шар, Шаған, Тобыл, Есіл сияқты салалар қосылады. Су молайып, кемері кеңейгендіктен болар, жұрт оны Ұлы Ертіс атап кеткен. Оның бойында үш ірі су электр станциясы – Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі бөгендері салынған. Табиғи қорларды игеріп, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін Ертіс-Қарағанды каналы тартылды. Стратегиялық маңызы зор өзеннің бүгінде айбыны қайтып, айдыны тартыла бастады. Оның соңы экологиялық апатқа әкелуі ықтимал дейді ғалымдар.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары 2023-2024 жылдар аралығында Ертіс өзені экожүйесінің индустриялық даму және жаһандық үдерістер жағдайындағы өзгеруін зерттеді.
Мониторинг жыл бойы жүргізілді. Өзен суы жаз, күз, қыс пен көктемде қалай өзгеретінін бақыладық. Ертістің Зайсан көліне құяр тұсынан Ресей шекарасына дейінгі аралықта 17 бақылау пункті орнатылып, тұрақты түрде сынама алынды. Нәтижесінде судың сапасы таза және орташа деңгейде ластанғаны анықталды. Мәселен, Ертістің жоғарғы ағысында су құрамы таза болса, Өскеменнен батысқа қарай құлдағанда ластаушы заттар мөлшері артқаны байқалды. Оның ішінде аммоний азоты, фосфат, мырыш, мыс және марганецтің концентрациясы бар, – деді зерттеу тобының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Валентина Колпакова.
Ғалымның айтуынша, өзеннің төменгі ағысында ластаушы заттардың көбірек болуына өндіріс қалдықтары әсер еткен. Тау-кен металлургиясының алпауыт кәсіпорындарын сумен қамтамасыз етіп отырған Үлбі өзені ауыр металдарға «бай». Сондай-ақ Глубокое ауданының Предгорное ауылы маңынан ағатын Красноярка өзені де жұмысы тоқтап қалған ескі кеніштің қалдықтарымен ластанған. Бұл екі өзен де Ертіске құяды. Олардың құрамында ауыр металдар, күкірт пен хлор қышқылы, аммиак қосылыстары, органикалық заттар мен басқа да ластаушы элементтер бар.
Былтыр «Қазгидромет» Қазақстандағы өзендердің су сапасын зерттеп, қорытындысын жариялаған. Мемлекеттік кәсіпорын мәліметіне сүйенсек, елдегі ең лас су көздері қатарында Шығыс Қазақстан аумағындағы Тихая, Үлбі, Глубочанка, Красноярка, Оба өзендері аталған, олардың бәрі – Ертістің саласы. Антирейтингтің алғашқы шебін бастап тұрған бұл су айдындарының бүлінуіне өнеркәсіп орындары әсер еткен. Мәселен, облыста қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіреді деп есептелген бірінші санаттағы 60 кәсіпорын болса, соның 28-і өндіріс қалдықтарын өзенге ағызады. Сондықтан судағы ауыр металдардың мөлшері шекті шамадан артады. Мониторинг нәтижесіне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Үлбіде – 7, Глубочанкада – 4, Краснояркада – 3, Обада – 1, Ертісте – 2 рет шектен тыс ластану жағдайы болған. ШҚО экология департаменті суды ластаған бірнеше кәсіпорын әкімшілік жауапқа тартылды деп хабарлады.
«Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалы директорының орынбасары Айымгүл Смағұлова кейінгі 5 жылда Ертіс өзенінде қандай өзгерістер болғанын айтып берді.
2020-2025 жылдары жүргізілген мониторинг нәтижесіне қарасақ, Ертіс суында мырыш пен қалқыма заттар көбірек кездеседі. Сондай-ақ зерттеу деректері өзеннің жекелеген учаскелерінде кезеңдік ластану болғанын көрсетті. Қалқыма заттардың көбеюі табиғи маусымдық жағдайларға байланысты. Мысалы, көктемгі су тасқыны немесе нөсер жаңбыр кезінде олардың мөлшері артады, – деп түсіндірді ол.
Карагужиха қалай «Қызыл өзен» аталып кетті?
Бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстандағы шағын өзендердің бірінде экологиялық апат болды. Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Юбилейно-Снегирихинский кеніші жабылғанда жол берілген заңсыздықтар салдарынан Кіші Карагужиха өзені ластанғанын анықтады. Экология департаменті жүргізген зерттеулер судағы ауыр металдар (мырыш, кадмий, темір, марганец және т.б.) мөлшері рұқсат етілген нормадан 83 мың есе асып кеткенін растады. Кеніш аумағындағы уланған бұлақтар Кіші Карагужихадан бөлек, Карагужиха мен Үбі өзендеріне де құяды. Ал олардың бәрі Ертіске қосылады.

Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты Алтай филиалының директоры Андрей Калачев осы апаттан кейін Карагужиха өзенінде балықтар қырылып, судың түсі өзгеріп кетті дейді.
Юбилейно-Снегирихинский полиметалл кеніші ашылғанға дейін Карагужиха өзенінен адамдар қарауыз (хариус) бен күмжі (таймень) секілді тұщы суда ғана тіршілік ететін балықтарды аулайтын. Кеніш пайдалануға берілген соң шахтаның лас суы кішігірім бұлақтарға қосылып, өзенге құя бастады. Содан бері жергілікті тұрғындар Қарагужиханы «Қызыл өзен» атап кетті. Өйткені судың түсі қып-қызыл болып өзгерді. Кеніш жабылғаннан кейін де судың түсі өзгермеді, жыл мезгілдеріне қарай бірде сұр, енді бірде қоңыр немесе қызыл түске енеді. Өзен суы қандай элементтермен ластанып жатқанын анықтау үшін химик болудың қажеті жоқ. Бәрі көзге көрініп тұр. Ластану салдарынан Карагужихада балықтар мүлде жойылды. Ал бұл шағын су көзі Ертіске құйып жатыр, – деп қапаланды ол.
Калачевтің айтуынша, өзен арнасын қалпына келтіру жүргізілгенмен, негізгі аумақ қамтылмай қалған. Соның салдарынан жағалау аймағында қордаланған улы қалдықтар әлі күнге дейін жауын-шашынмен өзенге ағып жатыр.
Сонымен қатар филиал директоры кейінгі 10-15 жылдаөңірде болған және су көздеріне орны толмас залал келтірген ірі техногендік апаттарды атап өтті.
2016 жылы Риддер маңындағы Талов кен қалдығы қоймасында төтенше жағдай болып, Ертіске құятын Филиповка, Тихая және Үлбі өзендері қатты ластанды. Ресми дерек көздері шамамен 400 мың текше метрге жуық қалдық су өзенге ағып кетті деп жазған. Өзен суы сұрғылт-қара, күлгін түске боялып, өткір концентрат иісі сезілді. Бұл апаттың химиялық ізі тіпті Объ өзенінің Ақ теңізге құяр сағасында байқалды. Техногендік апатты жоюға тікұшақтар тартылған. Осыдан-ақ апаттың салдары қандай болғанын білуге болады, – деді Калачев.
2011 жылы Секисовка ауылы жанындағы кен қалдығы қоймасында да дәл осындай ірі апат болған. Бірнеше тәулік ішінде шамамен 200 мың текше метр концентрат (цианид, хлорлы әк, мыстың күкірт қышқылды түзілуі, натрий парасульфиді және басқа да элементтер) Волчанка, Секисовка және Үбі өзендеріне ағып, ары қарай Ертісті ластады. Өңірде төтенше жағдай режимі жарияланып, Үбі өзені бойында мал жаюға уақытша тыйым салынды. Секисовка ауылында ауызсу алу тоқтатылды. Келтірілген залал көлемі бір миллиард теңгеден асқан.
Ауыл жанындағы қалдық қоймада апат болғанда бәріміз үрейлендік. Улы зат – цианид төгілді деді. Волчанка мен Секисовка өзендерінің түсі өзгерді. Сумен қамтитын сорғы стансасы тоқтатылды, құдықтан су алуға тыйым салынды. Мектепте сабақ тоқтатылды. Дүкендегі ауызсуды пышақ үстінен талап алдық. Ауылға суды тасымалдап жеткізді. Бірақ ол бәріне жетпей қалатын. Көлігі барлар қаладан тасып ішті. Малды өзеннің ластана қоймаған жоғары ағысына апарып суардық. Осындай бір аласапыран күндер болды, – деп еске алды өзін Татьяна деп таныстырған Секисовка тұрғыны.
Техногендік апаттардың алдын алу және табиғатты қорғау үшін экологтар тиісті өнеркәсіп кәсіпорындарын жоспардан тыс тексеріп тұрады. Биыл ақпанда ШҚО экология департаменті мамандары азаматтардың өтінішінен соң «Казцинк» ЖШС-ның Шығыс Қазақстан тау-кен байыту кешенінде жоспардан тыс тексеру жүргізген.
«Тексеру кезінде су мен топырақтан сынама алынды. Зертханалық талдау ауыр металдар шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткенін көрсетті. Нәтижесінде заң бұзуға қатысты бес дерек анықталып, тиісті нұсқама берілді. Жалпы сомасы 107 миллион теңгеге бес әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады ШҚО экология департаментінің баспасөз қызметі.
Ғалымдардың айтуынша, Ертістің табиғи жолмен өзін-өзі тазартып отыратын қабілеті бар. Олай болмағанда қазір алып айдын ауыр металдар мен улы қалдыққа толып, ластану көрсеткіші шектен асып кетер еді.
Ағын сулардың бәрі сияқты Ертіс те өздігінен тазарып отырады. Өзеннің бірнеше мың шақырымға созылып жатуы және суының мол болуы түрлі химиялық, физика-химиялық процестердің жүруін тездетеді. Яғни, өздігінен жылдам тазарады. Зерттеулер нәтижесінде біз бұған көз жеткіздік. Бірақ солай екен деп тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Антропогендік әсер күшейіп, климат өзгерген сайын өзеннің ластануы да арта түседі. Бізге осы қауіптің алдын алуды ойлау керек, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың аға оқытушысы, «Су ресурстары және суды пайдалану» білім бағдарламасының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Юлия Еремеева.
Бірнеше облыстың жері шөлейтке айналады
Профессор Валентина Колпакова трансшекаралық өзенді сақтап қалу үшін Ертісті пайдаланатын елдер (Қазақстан, Ресей және Қытай) тең дәрежеде келісім жасауы керек дейді. Мұндай қадамға бармаса, өзен суы жылдан-жылға ортайып, соңы экологиялық апатқа әкеліп соғуы мүмкін.
Ертіс тартылса, өзендегі тіршілік атаулыға залал келеді. Су түбіндегі өсімдіктер мен жәндіктер өледі, биота бұзылады, онымен қоректенетін балықтар қырылады. Жағалауы сортаңға айналады. Жер ылғалын жоғалтады. Егіншілікке жарамсыз алқаптар көбейеді. Жайылым тозып, шаруашылық тоқырайды. Негізі үлкен су айдындары сол аймақтың микроклиматын реттеп тұратынын ұмытпау керек. Су азайса, климат та өзгереді, – деді Колпакова.
Кейінгі жылдары Қытай билігі Ертіс суын шаруашылыққа көп пайдалана бастады. Өйткені көрші ел Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданын дамытуға бел шешіп кірісті. Халықыралық ұйымдар жариялаған деректерге сүйенсек, 1990 жылы бұл өңірде 15,2 миллион адам тұрса, 2022 жылы халық саны 25,87 миллион адамға жеткен. Осы уақыт ішінде бір адамға шаққандағы өңірлік жалпы өнім 28 есе өскен. Бұл өңірдің экономикасы қарқынды дамып жатқанын білдіреді. Шыңжан аймағының климаты құрғақ болғандықтан су ресурстары шектеулі. Халық саны жылдан-жылға өсіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және электр энергиясына сұраныс артқан сайын, су қажет екені еселене береді. Қазір Шыңжаң өңірі Ертістен жылына шамамен 1,5-2,0 текше шақырым су алады. Ғылыми зерттеу институттарының болжамы бойынша, болашақта бұл 7 текше шақырымға дейін жетуі мүмкін. Ал Ертістің осы бөлігіндегі табиғи орташа жылдық су қоры – бар болғаны 8,3 текше шақырым. Демек, Қытай билігі діттеген жоспарын іске асырса, өзен суының басым бөлігі көрші елдің көсегесін көгертуге жұмсалмақ.

Бүгінде ұзындығы 300 шақырымнан асатын Қара Ертіс – Қарамай каналы арқылы Шыңжаңдағы мұнай-газ орталығы, Қарамай қаласы сумен қамтылып, жүздеген мың гектар егіс алқабы суарылады.
Сондай-ақ Ертіс – Үрімші каналы арқылы Тарым ойпатындағы шөлейтті аймақтарға су жеткізіледі. Екі канал толық қуатында жұмыс істесе, жылына 6,3 текше шақырым су «жұтады».
2030 жылға дейін жалғасатын Батыс Қытайды дамыту бағдарламасы аясында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын кеңейту көзделген. Бұл трансшекаралық өзен суын пайдалану көлемін одан ары ұлғайтады. Ал өзен ағынының азаюы табиғи тепе-теңдікті бұзып, ауыл шаруашылығы өнімінің төмендеуіне, жайылымдардың тозуына және Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағының шөлейттенуіне әкелуі мүмкін.
Өнеркәсіп дамып, елді мекендер өсіп-өркендеген сайын елдегі ең ірі өзеннің бірі Ертістің ертеңі бұлыңғырлана түсті. Гидроэнергетика құрылымдары, өндіріс қалдықтары, шаруашылыққа су пайдалану көлемінің ұлғаюы сияқты факторлар өзеннің табиғи тепе-теңдігін бұзып, экожүйесінің өзгеруіне әсер етіп жатыр. Жылдар өте антропогендік әсер салдарынан су айдыны тарылып, ауыр металдармен ластанған ерке Ертіс «айықпас дертке» шалдығуы мүмкін. Ғалымдар су қорғау шараларын кешенді жүргізбесе, үш елді байланыстырған трансшекаралық өзен экологиялық апат аймағына айналады дейді. Ертістің болашағы бүгінгі шешімдер мен экологиялық жауапкершілікке байланып тұр.




