Бүгін таңның ертесінен Өскемендегі бірнеше көше жолының жабылуы қала тұрғындары үшін күтпеген жайт болды. Бәрінен бұрын Ертістің Сол жағалауында тұратын халыққа қиын тиді, деп жазады F16.kz тілшісі.
Бір мезетте көлік қозғалысы шектелген Сәтбаев, Есенберлин, Әл-Фараби даңғылдарында ұзынсонар кептеліс пайда болды. Әсіресе, қаланың негізгі күретамыры саналатын Сәтбаев даңғылындағы ахуал ауыр болғанға ұқсайды. Мұны кептеліске тап болған көлік жүргізушілері мен жолаушылар да айтып отыр.
– Бүгінге жоспарлаған бүкіл шаруам жайына қалды. Түс уақытында жұмыстан шығып, баламды КШТ-дағы дәрігерге апаруым керек болатын. Мына кептелісте тұрып, дәрігердің қабылдауынан да қалып қойдық. Жұмысқа да кешігіп бардым. Қанша уақытымыз босқа кетті. Жолдардың жабылатынын неге алдын-ала ескертпеген? – дейді Алмас Ахметов есімді қала тұрғыны.
Бұл кептеліс қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар үшін де оңайға соққан жоқ. Жаздың аптап ыстығында сағаттап автобус ішінде отыруға не тұруға мәжбүр болған қала тұрғындары тарапынан да бірталай сын айтылып жатыр. Мәселен, Ақмарал есімді жолаушы бір спорттық іс-шараға бола, жарты күнге жолдарды жауып тастау дұрыс емес екенін айтады.
– Бұл барып тұрған сұмдық қой. Буров көшесінен Әл-Фараби даңғылындағы үйіме екі сағат дегенде әрең жеттім. Бір жарыс өткіземіз деп бүкіл жолды жауап тастапты. Бұлай болмайды ғой. Қанша адам баратын жеріне кешікті. Мынандай тымырсық күнде автобуспен жүрудің өзі оңай емес. Қырыққа таяған біздің өзіміз ес-ақылымыз шығып шаршап кеттік. Ал егде жастағы адамдар, аяғы ауыр келіншектер, бала-шаға, денсаулығы нашар жандардың жағдайы не болды? Жарысты қала ішінде емес, басқа жерде өткізуге болмас па еді? Жалпы, мұндай жарыс кімге керек? – деп ашынады Ақмарал.
Иә, қала тұрғындары тарапынан наразылық тудырып отырған кептелісітің себебі – веложарыс. Осыдан біраз бұрын хабарлағандай, бүгін Өскеменде республикалық велобәйге басталды.
190-ға жуық спортшы қатысып жатқан жарыс 29 маусымға дейін созылмақ. Демек, өскемендіктер мен қала қонақтарына тағы алты күн осындай ыңғайсыздықтарға шыдауға тура келеді.
Облыстық Полиция департаментінен хабарлағандай, жарыс күндері жекелеген көшелерде автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл – жоғарыда айтылған Сәтбаев, Есенберлин мен Әл-Фараби даңғылдары.
– Шектеулер кесте бойынша кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерден өзгерістерді ескеру және жол қызметтерінің нұсқауларын орындау сұралады, – деп жазады дерек көзі.
Сөз соңында, оқырман назарына алдағы күндері енгізілетін шектеулердің уақытын ұсынып отырмыз:
24 маусым – сағат 09:00-ден 14:30-ға дейін.
25 маусым – сағат 09:00-ден 13:30-ға дейін.
26 маусым – сағат 08:30-дан 16:30-ға дейін.
27 маусым – сағат 09:00-ден 15:00-ге дейін.
28 маусым – сағат 06:30-дан 13:30-ға дейін.
29 маусым – сағат 06:30-дан 16:00-ге дейін.