Біреу білсе, біреу білмес, әлемнің елуден аса еліндегі 200 көрмеге қатысып, жүлдегер атанған, Шығыстан шыққан карикатура шебері бар. Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылының тумасы. Өскеменде белгілі суретші, карикатурашы Айдарбек Ғазизұлымен кездесу өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
ЖАС СУРЕТШІНІҢ ТАБАНДЫЛЫҒЫНА ҚАЙРАН ҚАЛҒАН
Кездесуге суретшінің бала күннен бірге өскен сыныптастары, ұстаздары, замандастары қатысты. Өнер сүйер қауым назарына 500-ден аса суреті бар қылқалам шеберінің 150-ге жуық туындысынан арнайы көрме ұсынылды. Суретші бұл көрмені бейнелеу өнеріне жол ашқан аяулы ұстазы Уәш Ақаеваға арнапты.

– Бала кезден сурет өнеріне қызықтым. Бүгінгі көрмені өткізуге себепкер болған – ұстазым Уәш Ақаева. Мектеп кезінде «Найза» атты қабырға газетін шығаратынбыз. Ұстазымыз сол газеттің суреттерін салғызып, ақыл-кеңестерін беріп отыратын. 50 жылдан аса «Ара» журналында қызмет еткен Николай Казанцевтің де суреттері ерекше ұнайтын, – дейді Айдарбек Ғазизұлы.
Казанцевтің карикатураларына қызыққан ол 5-сыныптан бастап «Ара» журналына шыққан суреттерін жинап отырған. Сол жинағандары 700-800-ге жеткен. Кейіннен Алматыда қылқалам шеберінің өзімен кездесіп, оған альбомын көрсеткенде Казанцевтің өзі жас суретшінің табандылығына қайран қалған көрінеді.
Бір қызығы, көрмені өткізу күні суретшінің мектеп бітіргеніне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған кездесумен тұспа-тұс келіпті. Жан-жақтан жиналған сыныптастары суретшіні туған күнімен және көрмесінің ашылуымен құттықтап, оған жылы лебіздерін жаудырды. Денсаулығына байланысты кездесуге келе алмаған Уәш Ақаева арнайы видео-сәлемдеме жолдап, оқушыларына алғысын білдірді. Анасының атынан келген ұлы Ержанға оқушылары құрметпен сый-сыяпатын табыстады.
Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстазы бірде оқушыларына әлемнің атақты суретшілері туралы мәлімет жинауды тапсырады. Ал Айдарбектен өзі туралы айтып беруді сұрайды. Сол сабақта кішкентай Айдарбектің атының атақты суретшілермен қатар аталуы оны арманына бір табан жақындата түскендей еді.

ӘЛЕМ МОЙЫНДАСА ДА, ӨЗ ЕЛІНДЕ ЛАЙЫҚТЫ БАҒАСЫН АЛМАҒАН
Кейіпкеріміз 1987 жылы Таңсықбаев атындағы Алматы жоғары көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1990 жылы тәмамдады. Оқу бітіргеннен кейін «Халық кеңесі» газетінде 5 жыл суретші болып еңбек етті. 1995 жылдан бері «Егемен Қазақстан» газетінде суретші қызметін атқарады. Сол кезден бастап әлемнің түпкір-түпкірінде ұйымдастырылған суретшілер байқауларының жүлдегері атанып келеді. Қарапайымдылықты ту еткен Айдарбек Ғазизұлы мұның бәрі бір өзінің ғана емес, ұстазының да еңбегі деп біледі.
– Қазақстанда бұл салада мұндай үлкен жетістікке жеткен ешкім жоқ. Айдарбек – атақ қумаған, тек адал еңбекпен келе жатқан адам. Халықаралық деңгейде мойындалса да, Қазақстанда лайықты бағасын әлі алған жоқ. Алдағы уақытта ала жатар деп сенеміз, – дейді ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаев.
Тоқсаныншы жылдары карикатурашыларға атақ беруді қойып, Суретшілер одағына қабылдау да таңсық нәрсе болатын. Айдарбектің алғашқы карикатураларының бірін журналист Қали Сәрсенбаев газетке шығарады. «Өз тіліне жаны ашымаған – жәндік» деген тақырыппен шыққан суретте суға батып бара жатқан қайықтан қашқан тышқан бейнеленген. Осыдан кейін оның аты баспасөз беттерінен жиі көрініп, еңбегі мақтауға ие бола бастайды. Суретшінің көрмесін тамашаласаңыз, көз тоқтатпай өте шығу мүмкін емес. Жер мен тіл, тарих пен ұлт мәселесін көтерген туындылардың әрқайсысы бір-бір рухани жүкті арқалап тұрғандай.

– Карикатура өнерінің әлем бойынша 4-5 мектебі бар. Менің туындыларым поляк мектебіне жатады. Қазақ жерінде карикатура дамымаған. 1956 жылы «Ара» журналы ашылды, содан бастап қана қалыптасты. Осы екі аралықта бізде көп болса, 100-ге жуық карикатурашы болған шығар. Ал, Иранның бір өзінде көрмеге 550 адам қатысады. Түркияда да әлемдік деңгейге шыққан 50-ге жуық карикатурашы бар. Қазақстанда болса, он адамға да жетпейміз. Соның ішінде шәкіртім Ғалым Смағұл бар. Жалпы, бұл өнерге кез-келген адамды зорлықпен әкеле алмайсың, – деген суретші әлемдік мектептерден әлі де үйренері көп екенін айтып, өз туындыларында ұлтқа қатысты мәселелерді көтеруді жалғастыра беретінін жеткізді.