Telegram-дағы топтық чатқа «N» қорының қаржылық пирамида қызметін таныстыратын бейнепрезентациялар жіберген тұрғын айыппұл арқалады, деп хабарлайды F16.kz.
Істі Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қарады.
Сот отырысында ол өз кінәсін мойындамай, ешкімді қорға тартпағанын, жарнама жасамағанын, дайын слайдтарды оқығанын айтқан.
Іс материалдарын зерттеп, өзге де дәлелдемелерді зерделеп, сот отырысына қатысушылардың түсініктемелерін тыңдай келе, сот азаматшаны ӘҚБтК-нің 150-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 387 660 теңге мөлшерінде айыппұл салды және үш ай мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарына шығуды (эфирге шығуды) тоқтата тұру түріндегі қосымша жаза тағайындады, — делінген облыстық соттың хабарламасында.
Тұрғынның кінәсі сотқа дейінгі тергеу материалдарымен, Telegram-дағы бейнежазба файлдарымен және Қаржы мониторингі агенттігінің қорытындысымен дәлелденді.
Айта кету керек, ҚР «Жарнама туралы» Заңының 13-бабы 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады.




