Биылғы 15 ақпаннан бастап Өскеменде «Тұрмыс» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды дер кезінде анықтау.
Тәртіп сақшылары азаматтармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есепте тұрған тұлғаларды тексереді, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтап, жәбірленушілерді қорғау бойынша шаралар қабылдайды және жауапкершілікті түсіндіреді, – делінген Өскемен қаласы полиция басқармасының хабарламасында.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын отбасындағы зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады.
Айта кетейік, «Тұрмыс» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы 22 ақпанға дейін жалғасады.




