Өскемендегі ғимараттар мен өзге де құрылыстар сейсмикалық төзімділікке паспортталатын болады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректері бойынша, 2024 жылы облыс пен Өскемен қаласын егжей-тегжейлі сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарының жиынтығы әзірленіп, бекітілген. Сондай-ақ, 2025-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сейсмологиялық саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде облыс орталығының ғимараттары мен құрылыстарын сейсмикалық төзімділікке паспорттау жоспарланып отыр. Белгілі болғандай, бұл мақсатқа 2025 жылға – 580,7 миллион теңге, ал 2026 жылға 958,4 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінуге тиіс.
Оның айтуынша, паспорттау аяқталған соң қаладағы кез келген ғимараттың сейсмикалық төзімділігі жөніндегі дерек 2GIS мобильді қосымшасында да қолжетімді болады.
Алдын ала дерек бойынша, бүгінде облыс аумағында екі мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ, сейсмикалық күшейтуді қажет ететін 299 әлеуметтік маңызға ие нысан бар екен. Оның 164-і мектеп, 51-і балабақша, 84-і денсаулық сақтау нысандары.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: F16.kz



