Шығыс Қазақстан облысының өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін қажет. Бұл жөнінде бүгін өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде өңірдің жалпы өңірлік өнімінің 40%-ы өңдеу және тау-кен өндіру салаларына тиесілі. Осы ретте маңызды рөлді тау-кен металлургия кешені атқаратынын айту керек. Аталмыш сала ЖӨӨ-нің 22%-ын және өңдеуші өнеркәсіп өнімінің 70%-ын қамтамасыз етеді, сондай-ақ өңірдегі еңбекақы қорының 30%-ға жуығын береді.
Дегенмен, соңғы үш жылда бұл салаға салынатын инвестиция үлесі 20%-дан (2022 ж.) 12%-ға (2025 ж.) дейін төмендеген. Облыс әкімі бұл олқылықтың орнын толтыру үшін салаға жаңа серпін қажет екенін айтты.
– Біз Ново-Лениногор, Долинное, Чекмарь кен орындарын игеруді жеделдетуге күш салуымыз керек. Сондай-ақ Тұғылдағы, «Алатау Литий» және «Крида Корпорейшн» компанияларының жобаларын іске асыру назардан тыс қалмауы қажет, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, қазір Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ескі қалдық қоймаларының карталары жасалып жатыр. Бұл үшін жасанды интеллект пен спутниктік деректер қолданылады. Олар – сирек кездесетін металдардың әлеуетті көзі.
– ШҚО атом энергетикасының орталығына айналуда. Бүгінде Үлбі металлургия зауыты (ҮМЗ) және «Ульба-ТВС» кәсіпорындары салынып жатқан АЭС-тер үшін отын жеткізуге дайын. «Ульба-ТВС» отын жинақтарын өндіруде жобалық қуатына шықты, – деді өңір басшысы.
Жиында белгілі болғандай, облыста құрылыс индустриясы да дамып келеді. Атап айтқанда, қазір өңірде кірпіш, газоблок, күн панельдері, құрғақ қоспалар мен бояулар сияқты материалдар өндіріледі. Ал ағаш өңдеу саласын қайта жандандыру үшін Беларусь тәжірибесі зерделенуде.
Облыс әкімі баяндамасында Президенттің өңдеуші өнеркәсіп экспортының өсуі жөніндегі тапсырмасы орындалғанын мәлім етті. Экспорт көлемі 1,5 есе өсіп, 2,7 миллиард долларға жетті. Оның ішінде жоғары технологиялы өнім экспорты – 266 миллион доллар (2,8 есе өскен).




