Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылғы Ораза кестесіне сәйкес, Қадір түні наурыздың 16-сынан 17-сіне қараған түнге сәйкес келеді. Ислам ғалымдарының айтуынша, Қадір түні Рамазан айының соңғы он күніндегі тақ түндердің бірінде болады. Дегенмен көпшілік пікір бойынша, ол көбіне 27-түнге сай келеді. Сондықтан бұл түні мұсылмандар ерекше құлшылық жасап, Алладан кешірім тілеп, дұға етеді, деп хабарлайды F16.kz.
Қадір түнінің қасиеті туралы Құран Кәрімдегі «Қадір» сүресінде айтылған. Онда бұл түннің «мың айдан да қайырлы» екені баяндалады. Ғалымдар «мың ай» шамамен 83 жылға тең деп есептейді. Яғни осы түні жасалған әрбір сауапты амал ұзақ жылдар бойы жасалған құлшылықпен тең деп есептеледі.
Мұсылмандар бұл түнді мүмкіндігінше ғибадатпен өткізуге тырысады. Негізгі амалдар мыналар:
Дұға жасап, кешірім сұрау. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) Қадір түнінде мына дұғаны айтуды үйреткен:
«Алла, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр».
Құран оқу. Қадір түні Құран түскен түн болғандықтан, қасиетті кітапты оқу немесе оның мағынасын түсініп оқуға ерекше мән беріледі.
Қосымша намаз оқу. Парыз намаздардан бөлек тәһәджуд және басқа да нәпіл намаздарды орындау сауапты саналады.
Садақа беру. Мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымдылық жасау немесе жақсылық істеу де бұл түні үлкен сауап әкеледі.
Жақындармен татулық орнату. Егер біреумен реніш болса, кешірім сұрап, қарым-қатынасты түзету де игі амалдардың бірі.
Ислам деректерінде бұл түннің кейбір белгілері де айтылған. Мысалы, түннің тыныш әрі жайлы болуы, ерекше рухани тыныштық сезілуі, ал таңертең күннің шапағы жұмсақ шығуы мүмкін. Дегенмен бұл белгілер әр жылы бірдей байқалмауы мүмкін.
Қадір түні әр адам өзіне, ата-анасына, отбасына және барша мұсылман қауымына дұға жасайды. Күнәлардың кешірілуін сұрап, денсаулық, амандық және береке тілейді.
Қадір түні – үлкен рухани мүмкіндік. Сондықтан мұсылмандар бұл түнді бос өткізбей, Алланың разылығын алуға, дұға жасап, игі амалдар жасауға арнауға тырысады.




