Шыңжаңдағы Қанас көлінен Марқакөлге дейін халықаралық туристік маршрут құру жөнінде бастама бар. Алайда жоба жолға қойылды деуге әлі ерте. Трансшекаралық маршрутты құрмас бұрын оның ұзақ мерзімді әлеуетін бағалап, инфрақұрылым мен логистика жайын ойластыру қажет. Әуелі туристік бағыт толыққанды жұмыс істеуі үшін шекарада қосымша кеден пунктін ашу, жол салу, қонақ үйлер мен жол бойындағы сервис нысандарын жабдықтау сынды мәселелер шешімін табуға тиіс.
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының өкілдері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаевпен және бейінді ведомстволардың басшыларымен бейнебайланыс арқылы аталмыш жобаның жай-жапсарын талқылады. Бұл Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы болатын.
Жалпы Қытай тарапы Қанас-Марқакөл маршрут құру жөніндегі ұсынысты қолдады. ШҰАА Алтай округі әкімшілігінің басшысы Мұхтар Кәрімбек Қытай, Қазақстан, Моңғолия және Ресей аумағында орналасқан Алтай тауларының бірегей табиғи және мәдени әлеуеті бар екенін атап өтті.
– «Қанас-Марқакөл» маршрутының ашылуы трансшекаралық туризмнің негізгі дәлізін қалыптастыруға, табиғи ландшафттарды, ұлттық дәстүрлерді және барлық қатысушы тараптардың шекаралық әлеуетін бірыңғай туристік аймаққа біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл туризм саласындағы тәжірибемізді алмасуға, ресурстарды толықтыруға және Үлкен Алтай брендін бірлесіп ілгерілетуге қолайлы мүмкіндік, – деді Мұхтар Кәрімбек.
Мұхтар Кәрімбек ШҰАА билігі трансшекаралық қозғалысты жеңілдету, стандарттау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және туристік қызметтердің сапасына қойылатын бірыңғай талаптар бойынша жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.




