Шығыс Қазақстан облысында аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірге Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен келген. Мемлекеттік орган басшыларымен кеңес өткізген ОСК төрағасы сайлауға дайындық барысымен және сайлау процесін ұйымдастыру жұмыстарымен танысқан еді.
Ал бүгін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелеріне арналған семинар ұйымдастырылды.
Семинарға қатысқан аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелері теориялық және практикалық негізде сабақ алды. Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған оқыту жиыны 200-ден астам адамды қамтып отыр.
Іс-шара барысында сайлау жүйесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сала өкілдері марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен сайлау жүйесінде 30 жыл еңбек еткен Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының №925 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Қымбат Көпжасарова және осы қызметкен 20 жылдан астам уақытын арнаған Шемонаиха ауданы Рассыпное ауылының №1117 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Светлана Проходова марапатталды.
Ал Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен Өскемен қаласындағы №18 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Кикбаев пен Шемонаиха аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Рүстем Косинов марапатталды.
Семинарға қатысқан аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелері тест тапсырып, біліктіліктерін сынады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысушылардың басым бөлігі жоғары нәтиже көрсеткенін айта келе өңірдің алдағы сайлау науқанына дайындығына оң баға берді.
– Жалпы өңірлерге жұмыс сапарымен арнайы барудағы мақсатымыз сайлау комиссияларының дайындығын бағамдау. Облыстық және аумақтық комиссиялар өздеріне жүктелген міндеттерді бұған дейін де өз деңгейінде орындап келеді. Біз округтік сайлау комиссиялары мүшелерінің білімін тексеруге көп мән бердік. Бүгін тестілеуге барлығы 96 адам қатысты. Бұл комиссиялардың толық құрамы емес, дегенмен тест нәтижелері арқылы дайындық деңгейін бағалауға әбден болады, – деді Нұрлан Әбдіров.




