Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымында өрттің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Мамандар әсіресе жеке тұрғын үй секторына, пеш жағылатын үйлерге және қосымша қолдауды қажет ететін отбасыларға баса назар аударды.
Жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында 65 рет өрт тұтанған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайыз көп. Өрт салдарынан бес адам қаза тапты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өрт қаупін азайту мақсатында өңірде тұрақты түрде профилактикалық аралау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар арасында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
«Бүгінде мұндай іс-шаралар 27 мың тұрғын үй мен аулада өткізілді. 70 мың тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде пешпен жылытылатын, осы санаттағы отбасылар тұратын 2 758 үй есепке алынған. Олардың барлығы улы газды анықтайтын датчиктермен жабдықталған», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Мұндай құрылғылардың тиімділігі іс жүзінде дәлелденген. Соңғы бес жылда өңірде 17 мыңнан астам датчик орнатылып, олардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 42 адам аман қалды.
Жалғызбасты қарттар мен көпбалалы отбасыларға да нақты көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, олардың үйлеріндегі мұржаларды тазалауға және пеш жабдықтарын жөндеуге жәрдем беріледі. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі ұсынымдар тұрақты түрде жарияланып келеді. Бүгінге дейін осы бағытта 2,5 мыңға жуық ақпараттық материал жарық көрген.
Өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып келеді. Соңғы үш жылда жалпы құны 9 млрд теңге болатын 114 арнайы техника сатып алынған. Алтай ауданында әмбебап өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Өскемен әуежайында авиациялық техникаға арналған ангар салынып жатыр.




