Шығыс Қазақстан облысының жылу станцияларында жөндеу жұмыстары аяқталды. 8 қазандық пен 3 турбина жөнделді, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл жөнінде Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– Шығыс Қазақстан облысында электр станцияларының негізгі энергетикалық жабдықтарын күрделі жөндеу науқаны аяқталды. Жүйелік оператордың жоспарына сәйкес, биыл 8 қазандық агрегаты мен 3 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Өскемен ЖЭО-да 4 қазандық пен 2 турбоагрегат, Согра ЖЭО-да 3 қазандық пен 1 турбоагрегат, Риддер ЖЭО-да 1 қазандық күрделі жөндеуден өтті. Жүргізілген жұмыстар жабдықтарды пайдалану сенімділігін арттыруға, олардың техникалық дайындығын қамтамасыз етуге және жоғары жүктеме кезеңінде станциялардың тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған, – делінген министрліктің ақпаратында.
Қазір өңірдегі үш жылу электр орталығы да электр және жылу энергиясын өндіріп жатыр. Станциялар тұрақты жұмыс істеу үшін қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, Өскемен ЖЭО-да 6 қазандық пен 4 турбоагрегат, Согра ЖЭО-да 3 қазандық пен 2 турбоагрегат, Риддер ЖЭО-да 4 қазандық пен 1 турбоагрегат жұмыс істеп тұр.




