Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның шығармашылық жолының 50 жылдығына арналған мерейтойлық концерті өтті.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың шақыруымен өткен кешке жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Филармония залы лық толып, әр буынның өкілдері сүйікті әншісінің өнерін тамашалауға келді. Көрерменнің ыстық ықыласы мен толассыз қошеметі Роза Рымбаеваның халық жүрегінен ерекше орын алғанын көрсетті.
Александр Галсановтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен кеш барысында 21 музыкалық шығарма орындалды. Әншімен бірге сахнаға ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач шықты. Көрермендер «Әлия», «Эхо любви», «Мен қазақпын», «Айналайын» секілді көпшілікке жақсы таныс әндерді тыңдады.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әншіні туған күнімен құттықтап, өңір тұрғындарына өнер көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ оның қазақ музыка өнерін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Мен үшін бұл — ерекше концерт, шығармашылық емтихан іспетті», — деді Роза Рымбаева.
Сахнадағы жарты ғасыр — талай ұрпақтың жүрегінен орын алған әндер мен өнерге деген адалдықтың айғағы. Өскемендегі мерейтойлық кеш әсем ән мен шынайы ықылас тоғысқан, көрерменге ерекше әсер сыйлаған рухани кешке айналды.




