Өскемендік полицейлер оқыс оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ШҚО Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері қызметтік автокөлікпен кезекшілікке бара жатқан жолда Ертіс көпірінің қоршауында отырған қызды байқап, дереу тоқтаған. Бұдан кейін аса сақтықпен әрекет еткен тәртіп сақшыларының бірі – полиция капитаны Мәди Майданбеков азаматшаның қауіпсіз жерге түсуіне көмектескен.
Әңгіме барысында қала тұрғыны ешқандай теріс ниеті болмағанын, тек телефонмен сөйлесіп отырғанын және әрекетінің айналадағыларға алаңдаушылық тудыруы мүмкін екенін ойламағанын түсіндірген.
Полицейлер онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, алдағы уақытта өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу қажеттілігін ескертті.
– Полиция тұрғындарға өз өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ жақындарын қорғаудың маңыздылығын еске салады. Қауіп төнген жағдайда «102» арнасына дереу хабарласыңыздар – полиция әрқашан сіздерге көмек көрсетуге дайын, – деп жазады дерек көзі.




