Зайсан аудандық сотында Шілікті ауылының әкімі аз. Т.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды, деп жазады F16.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, 2025 жылғы 6 қазанда сағат 15:00 шамасында лауазымды тұлға әкімдік ғимаратындағы қызметтік кабинетінде, ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, бейәдеп сөздер айтқаны анықталды.
– Сот процесі барысында аз. Т. өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға қатысты бейәдеп сөздер айтқанын жоққа шығармады. Ол жасаған әрекетіне өкінетінін білдіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады, – деп жазады дерек көзі.
Белгілі болғандай, әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалғаны сотта қаралған бейнежазбамен, куәлардың айғақтарымен және өз түсініктемесімен расталды.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен аз. Т. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.




