А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Республика күніне орай «Жырың болып төгілемін» атты оқушылар айтысы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған шығармашылық додаға Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Өскемен қаласындағы мектептерден 13 жас ақын қатысты.
«Байқаудың мақсаты – дәстүрлі айтыс өнерін жас ұрпақ арасында насихаттау, жас ақындардың суырыпсалмалық қабілетін шыңдау және шығармашылық әлеуетін дамыту», — дейді ұйымдастырушылар.
Сахна төріне домбырасын серік еткен жас ақындар шығып, өзара сөз қағыстырып, тапқырлығы мен шешендігін, ой ұшқырлығы мен шеберлігін танытты. Қатысушылардың жырларына Отан, ел бірлігі, тәуелсіздік, ұлттық құндылықтар, туған жер мен Шығыс Қазақстаннан шыққан тарихи тұлғалар тақырыптары арқау болды.
Жас айтыскерлердің өнерін облыс және республика көлеміне танымал ақындардан құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар қатысушылардың тіл шеберлігіне, тақырыпты ашуына, тапқырлығына, қарсыласына ұтымды жауап беруіне және сахна мәдениетіне назар аударды.
Айтыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар мынандай болды:
Бас жүлде – Мағжан Ержанұлы;
І орын – Мұратханұлы Мұхтар;
ІІ орын – Мамырхан Інжу, Нұрәли Азатұлы;
ІІІ орын – Бауыржан Раушанұлы, Айгүл Дашынқызы.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде алған жас ақын республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысына жолдама алды.




