Қазақстанда жасы 100-ден асқан 448 азамат бар. Ең жасы үлкен отандасымыз Ұлытау облысында тұрады, биыл ол 115 жасқа толған туған күнін атап өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, жүз жасқа толғандардың ең көп саны еліміздің ең ірі қаласы Алматыда тіркелген екен, онда 100 және одан жоғары жастағы 58 адам бар.
Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында – Түркістан облысы. Онда 100 жастан асқан 53 адам тұрады. Үздік үштікті Алматы облысы түйіндеп тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 37 адам бар екен.
Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне 115 жастағы ұлытаулық қариядан бөлек, биыл 113 жасқа келген Павлодар облысы мен 110 жастағы Жамбыл облысының тұрғындары кіретінін айту керек.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын 1 қазанда бүкіл әлемде Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Оның мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін танып, құрметтеу, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.




