Биылғы сегіз айда банктер халыққа 12,9 триллион теңгенің несиесін берген, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша халыққа берілген жалпы несие көлемі 22,7 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен аймен салыстырғанда 3,1%-ға көп. Ал 2025 жылдың басынан бері өсім 14,7%-ды көрсетті.
Ең үлкен үлес бұрынғыдай тұтынушылық несиелерде – олардың көлемі 16 триллион теңгеге жетіп, бір айда 2,1%-ға артты.
Ипотекалық несиелер тамыз айында 2,5%-ға өсіп, 6,6 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім – 9%. Оның ішінде, нарықтық шарттармен берілген ипотекалық несиелер көлемі 3,8%-ға өсіп, 2,1 триллион теңгеге жетті.
– 2025 жылдың тамызында халыққа жаңа несиелердің берілу көлемі 1,8 триллион теңге шамасында болды. Ал сегіз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 12,9 триллион теңгеге жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артты, – деп хабарлады агенттік.
Тамыз айында теңгемен берілген несиелер бойынша халыққа арналған орташа сыйақы мөлшерлемесі 19,3%-ды құрады.
Несиелердің түрлері бойынша мөлшерлемелер келесідей бөлінді:
- Ипотека (теңгемен) – 8,6%;
- Тұтынушылық несиелер – 21,5%.
Сонымен қатар, несиеге сұраныстың артуы депозиттердің де өсуімен қатар жүріп жатыр. 2025 жылдың тамызында резиденттердің депозиттері 1,0%-ға артып, 42,8 триллион теңгеге жетті. Бұл өсімнің негізгі бөлігі ұлттық валютадағы салымдарға тиесілі – олардың көлемі 1,0%-ға артып, 33,3 триллион теңгеге дейін өсті.




