22-26 қыркүйек аралығында ел аумағында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ уытты және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Есірткі айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар шамамен 7 мың дәрі-дәрмек және қосарлы мақсаттағы тауарларға жататын 80 тонна уытты зат тәркіленді.
Медицина саласында әкімшілік заңнаманы бұзудың 190-нан астам фактісі тіркелді. 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналып, құрамында есірткі бар 40 мыңдай таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула тәркіленді. Республика бойынша барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді.
Өнеркәсіп саласында 60 құқықбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды, 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілді.
Ақпарат көзі жазғандай, Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС-нің күшті әсер ететін дәрілік заттарды рецептісіз сатқаны анықталды. Тексреіс барысында «Прегабалин», «Зоника» және «Алиса» дәрілерінің 35 мыңнан астам таблеткасы тәркіленді.
Ішкі істер министрлігі есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар мен уытты заттардың заңды айналымына қатысты заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.




