Биылғы 1 қыркүйектен бастап елімізде жол ережесін бұзғандарға қатысты жаңа жаза түрі қолданысқа енді. Енді бір жыл көлемінде жедел жәрдем немесе полиция көлігіне екі мәрте жол бермегені үшін тағайындалатын 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа ауыстыруға болады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар ереже бұзып, апатқа себеп болған жаяу жүргінші, самокатшы сияқты жол қозғалысына қатысушылар бір жыл ішінде осы әрекетін қайталаса, балама жаза ретіндегі 20 сағаттық көше тазалау жұмыстарына тартылмақ.
Ішкі істер министрлігі бұл жазаны орындау тәртібіне өзгеріс енгізеді. 14 қазаннан бастап (өзгеріс күшіне енетін күн) жол ережесін бұзғандар «Қоғамға қарызды қайтару» – «Отдать долг обществу» деген жазуы бар арнайы жилет киіп, көше сыпырады.
– Ережеге сәйкес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдік: Арнайы біліктілікті қажет етпейтін қоғамға пайдалы тегін жұмыстың түрін және қауіпсіздігін ескере отырып, жауапқа тартылған адамның тұрғылықты жеріне жақын орналасқан қоғамдық орындағы объектіні таңдайды, – деп жазады дерек көзі.
Жауапқа тартылған адамның деректері, қоғамдық жұмыс түрі, объектісі, орындау шарттары, жауапты ұйым, жұмыс уақытының ұзақтығы (күніне 4 сағаттан аспайды) көрсетілетін бұйрық шығарылады. Тұрақты жұмысы жоқ не оқу орнында оқымайтындар күніне 8 сағат қызмет етеді, бірақ олардың еңбек ету мерзімі аптасына 40 сағаттан аспауға, сондай-ақ демалыс уақыты белгіленуге тиіс.
Жұмыс беруші жазасын өтеушіні жилет, құрал-жабдықтар және басқа еңбек құралдарымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей пробация қызметіне атқарылған жұмыс уақытын есепке алу табелін және орындалған жұмыс актісін, ереже бұзған азаматтың тәртібі туралы ақпаратты жолдауға міндетті. Ал ереже бұзушы жазасын орындаудан жалтарған жағдайда пробация қызметіне хабарлайды.




