Ондаған өртті сөндіріп, 30 жасында Шемонаиха қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің бастығы атанған Дидар Әшімханға қарап, адам өз-өзімен көп жұмыс істеп, талпыныс танытса, кез келген мақсатқа жете алатынына сену оңай, деп жазады F16.kz.
М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлегі төтенше жағдайлар жүйесінде 12 жылдан астам, ал отпен күрес саласында 6 жыл қызмет етіп, ауданның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.
Дидар ұн комбинатында, элеваторда болған ірі өрттерді сөндіруге және өрт кезінде азаматтарды құтқаруға атсалысқан.
– Қиын жағдайларда тәжірибе жинауға тура келді, бірақ біздің үйлесімді әрекетіміздің арқасында өрт сөндірушілермен бірге бұл жағдайлардан абыроймен өттік, – деп бөлісті Дидар.
Психологиялық тұрғыдан тынығуға оған спорт көмектеседі екен. Дидар волейболмен шұғылданып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Волейболдан күш құрылымдары арасында өткен республикалық жарыста ІІ орын, Қазақстан Республикасы ТЖМ ұйымдастырған XIV қысқы спартакиадасында ІІ орын иеленген.
– Бос уақытымды отбасыммен өткіземін. Жарым Назым тағдырдың жазуымен біздің қызметте, аудандық ТЖ бөлімінде инспектор болып жұмыс істейді. Сондықтан үйде қызмет туралы айтсам, бірден түсінеді, – дейді №28 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.
Өткен жылы Шемонаиха ауданында құтқарушылар аллеясы абаттандырылып, «Құтқару миссиясы – абзал жандардың абыройы» атты монумент ашылған болатын. Бұл бастама Дидар Әшімханға тиесілі.
– Бәрі өзімізге байланысты. Біз болашаққа сенеміз және еңбегімізбен біреуге үлгі болып, сол арқылы ТЖ қызметі мен еліміздің дамуына, гүлденуіне үлес қосуға тырысамыз, – деп түйіндеді Дидар.




