ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан 934 жұмысшы зардап шегіп, оның 133-і қаза тапқан, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл ретте биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,4%-ға төмендегенін айту керек. Ағымдағы жылдың 9 айында өндірістік жарақаттану коэффициенті (1 000 жұмысшыға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,13 адам мөлшерінде болды.
– Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 103 адам, ШҚО-да – 89 адам, Павлодар облысында – 68 адам, Ақтөбе облысында – 64 адам, Атырау облысында – 48 адам зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 51 адам зардап шекті. Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 17,4 % және құрылыс саласында – 10,2%, – деп жазады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,2%), жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,6%), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (8,5%), жол қозғалысы ережелерін бұзу (7,8%) сияқты факторлар екен.
Еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 730 материалы жіберілді, соның негізінде 211 қылмыстық іс қозғалды.
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Соңғы бес жылда мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау бойынша қабылданған кешенді шараларының нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,7%-ға азайған.




