ШҚО полицейлері осыдан біраз бұрын жоғалған 16 бас жылқыны тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
13 қарашада Өскемен қалалық полиция басқармасының «102» арнасына жергілікті тұрғыннан хабар келіп түскен. Ол 8 қарашадан бері Ново-Явленка ауылының маңындағы еркін жайылымнан өзіне тиесілі 16 бас жылқының жоғалғанын мәлімдеген. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері дереу іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып, нәтижесінде жануарлар табылып, иесіне қайтарылды.
– Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде малдың тұрған жері анықталып, жылқылар иесіне қайтарылды. Полиция ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылауды күшейтуді жалғастыруда және тұрғындарды сақ болуға шақыруда, – дейді ШҚО Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Алмас Ғадылбеков.
Боранды күндері малдың жоғалу қаупі арта түседі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жануарларды арнайы жабдықталған қораларда ұстап, оларға сенімді қорғаныс пен тұрақты бақылау жасау ұсынылады.
– Құрметті азаматтар! Полиция мал қауіпсіздігіне қатысты шараларды қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Әсіресе қыс мезгілінде малды қараусыз еркін жайылымда қалдырмаған абзал, – деп мәлім етті полиция өкілдері.




