Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында жазғы туристік маусым биыл ерекше серпінмен ашылды. Табиғат пен музыка, демалыс пен мәдениет тоғысқан Open Air Sarybel фестивалі өңір тарихында алғаш рет ұйымдастырылып, бір күннің өзінде-ақ мыңдаған көрерменнің басын қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік алаңға Қазақстанның әр өңірінен 5 мыңнан астам адам жиналған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Сенбі таңынан бастап Сарыбел жағалауы кәдімгі туристік ағынға айналды. Бірі мөлдір судың салқын самалын сезінуге асықса, енді бірі ашық аспан астындағы үлкен сахнаның әсерін көруге құмартты. Өскемен мен Күршімнен бастап, Тарбағатай мен Абай облысынан, Павлодар мен Астанадан келген қонақтар да бұл күнді жазғы демалыстың символына айналдырды.


Семейден арнайы келген Анар Құдайбергенқызы әсерін жасырмады:
— Мен осы концерт үшін арнайы келдім. Ерте келіп, суға да түсіп үлгердік. Сарыбелдің табиғаты ерекше екен. Бір қарағанда-ақ баурап алады. Кеш те жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мұнда тағы да міндетті түрде келемін, — дейді ол.
Кешкі бағдарлама күн еңкейе бере жандана түсті. Әуелі балаларға арналған ойын-сауық алаңдары іске қосылып, Холи бояу фестивалі мен көбік кеші жағалауды нағыз шаттық алаңына айналдырды. Ақ көбікке оранған жағажайда балалармен бірге ересектер де балалық көңіл күйге ерік берді. Сол сәтте Сарыбелдің тынысы музыка мен күлкіге толып, табиғат пен адам үндескен ерекше атмосфера қалыптасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы ауқымды ашық аспан астындағы фестиваль өңірде алғаш рет өтіп отыр. Аудандық туризм орталығының директоры Ермек Асқаров бұл бастаманың жалғасы болатынына сенім білдірді:
— Биыл алғаш рет өткізіп отырмыз. Қатысушылардың көңіл күйі мен қызығушылығы жоғары. Тек көрші аудандардан ғана емес, басқа өңірлерден де қонақтар келді. Бұл Сарыбелдің туристік әлеуетін айқын көрсетіп отыр. Алдағы уақытта мұндай шараны дәстүрге айналдыруды көздейміз, — деді ол.
Фестиваль тек көңіл көтерумен шектелген жоқ. Жағалау бойында жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, Самар, Күршім, Катонқарағай аудандары мен Өскемен қаласы және Абай облысы Көкпекті ауданынан келген 33 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. 40-тан астам өнім түрі сатылымға шығарылып, жергілікті өндірістің тынысын кеңейте түсті.
Іс-шараның қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Қоғамдық тәртіп пен демалушылардың жайлылығы үшін Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Нәтижесінде фестиваль ешқандай оқиғасыз, тыныш әрі үйлесімді жағдайда өтті.

Кештің шарықтау шегі — танымал әнші Say Mo-ның сахнаға шығуы болды. Оның өнері жағалауды тербеткен музыкаға айналып, мыңдаған көрерменді бір ырғаққа біріктірді. Ал түн аспанын жарып атқан отшашу Сарыбелдегі жазғы маусым ашылуын әсерлі финалмен түйіндеді.


Аудан әкімдігі бұл шараны бір реттік мереке емес, жыл сайын өтетін дәстүрлі фестивальге айналдыруды жоспарлап отыр. Өңірде туризм инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда: жол сапасын жақсарту, байланыс желісін кеңейту, демалыс аймақтарын абаттандыру — соның айқын дәлелі.
Сарыбелдегі Open Air фестивалі бір күндік мерекеден әлдеқайда кең мағынаға ие болды. Ол Бұқтырма жағалауын тек демалыс орны емес, ішкі және сыртқы туристер үшін жаңа тартылыс нүктесі ретінде қайта танытқан оқиғаға айналды.





