Шығыс өңірінде егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Диқандар 500 мың гектардан астам алқаптан дақыл жинап жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары 611,1 мың гектар алқапта жүргізілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық. Оның ішінде 248,2 мың гектарға дәнді және бұршақ дақылдары, 255,4 мың гектарға майлы дақылдар егілген.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, әзірге 245,96 мың гектар аумақтан дәнді және бұршақ дақылдар жиналды. Әр гектардан орта есеппен 17,4 центнер өнім алынып, қамбаға 428,7 мың тонна астық құйылды.
Бидай жинау жұмыстары да мәреге жақын. Қазір 151,5 мың гектар алқаптың өнімі жиналып, жоспар 98,5 пайызға орындалды. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерді құрап, жалпы 246,7 мың тонна бидай бастырылды.
«Майлы дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға таяу. Бүгінгі таңда 255,1 мың гектар алқап жиналды. Орташа өнімділік гектарына 19,2 центнерді құрап, 488,9 мың тонна өнім алынған. Ал күнбағыс 237,2 мың гектар алқаптан жиналып отыр. Қазір диқандар қалған алқаптардағы жұмыстарды аяқтап, күзгі науқанды қорытындылауға кірісті», — деп хабарлады басқарма өкілдерді.




