Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінің аумағын қазып тастады деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желідегі хабарда қорғандарға зақым келуі мүмкін екені айтылған. Шығыс Қазақстан облысының әкімідігі істің мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, кешен аумағында қазылған шұңқырларды «SRS» ЖШС-не тиесілі техникамен көмгенін анықтаған.
«Сол жерде болған азаматтардың жеке басы анықталып, материалдар полицияда тіркелді», — делінген хабарламада.
Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археологтар, әкімдік және полиция өкілдері аумақты тексерген. Мамандар жер қазғандардың ізін фотоға және бейнежазбаға түсіріп, акті жасаған.
«Қар жамылғысы қорғандардың жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтауға мүмкіндік бермейді. 2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады», — деп мәлімдеді әкімдік.
Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданады. Заң бұзушылық анықталса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Заңсыз қазба жұмыстары мен вандализмнің алдын алу үшін ескерткіштерді бақылау күшейтілетін болды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі қорғандардың табиғи қалпы мен тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігін қарастырып жатқаны айтылды. Мәселе келісу сатысында дейді.




