Жылыту маусымы басталғаны бері Шығыс Қазақстан облысында 65 үйден өрт шыққан. Оның басым бөлігі пешті талапқа сай пайдаланбау салдарынан тұтанған, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде құтқарушылар профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп жатыр.
Электр құралдарын пайдаланған кезде желіге шамадан тыс жүктеме түсірмеген жөн. Ақаулы розеткалар мен қолдан жасалған жылытқыштарды пайдаланбау керек. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, олардың жұмыс істеп тұрған жылыту құралдарының жанында жалғыз қалмауын қадағалау маңызды, — дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Мамандар түсі мен иісі жоқ улы газды анықтау үшін арнайы датчиктер орнатуға да кеңес береді. Жылыту маусымы басталғалы бері профилактикалық іс-шаралар 27 мыңнан астам үй мен ауланы қамтыды. Облыстың 70 мың тұрғынына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биылғы жылыту маусымында есепке алынған 2 758 үйдің барлығы улы газды анықтайтын датчиктермен жабдықталған. Соңғы бес жылда өңірде осындай 17 мыңнан астам құрылғы орнатылды. Датчиктердің уақтылы іске қосылуының арқасында 42 адам, оның ішінде 34 бала құтқарылды, — делінген хабарламада.
1 қазаннан бері өңірдің тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелген. Оның 24-і пешті пайдалану талаптарын бұзудан, 19-ы отпен абайсыз жұмыс істеуден, тағы 15-і электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі талаптарды сақтамаудан болған. Өрт санының ең көп өсуі Өскемен қаласында, Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында байқалды.




