Риддерге жаңа мектеп салынатын болды
Кеншілер шаһарында 600 орындық жаңа мектеп Шығыс Қазақстан облысы мен Риддер қаласы әкімдіктерінің, сондай-ақ «Казцинк» компаниясының арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынады.
Моноқалаларда әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Риддер әкімдігі жаңа мектеп ғимаратының құрылысына орын белгілейді және барлық қажетті инженерлік коммуникациялардың тартылуын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Мектеп құрылысын қалақұраушы кәсіпорын қаржыландырады.
Өңір басшысы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыратын ірі бизнес кәсіпорындарының рөлін ерекше атап өтті.
Заманауи кабинеттері бар, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген жайлы мектеп ашылатын болса бұл оқушылар үшін ғана емес, ұстаздар мен ата-аналарға тамаша сыйлық болары сөзсіз.
Жергілікті атқарушы органдар мен өңіріміздегі алпауыт кәсіпорын арасында жасалған меморандум ірі бизнес пен мемлекеттік органдардың осы бағыттағы тиімді серіктестігінің жарқын үлгісі әрі компания қызметкерлері үшін қолайлы орта құруға ұзақ мерзімді инвестиция екенін де атап өткен абзал.
Осы ретте айта кетсек, биылғы тамыз айында Риддерде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы бір жаңа білім ошағының құрылысы басталған. Бұл бағдарламаның мақсаты — апатты жағдайдағы нысандарды, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою.