Күршім көпіріндегі той
Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірді Шығыс жұртшылығы жарты ғасырдан астам уақыт күткен еді. Республика күніне орай жаңа көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді.
Бұл тарихи оқиға әсіресе Күршім ауданының халқы үшін аса үлкен қуаныш болып отыр. Оны атап өту үшін күршімдіктер дүбірлі той жасап, халықтық мереке өткізді.
Жаңа көпір тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздегі өнеркәсіп, құрылыс, кәсіпкерлік пен туристік салалардың дамуына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Айта кетсек, бұл көпірді салуға бірде-бір шетелдік компания тартылған жоқ. Көпірді «ОблШығЖол» ЖШС тұрғызды.
Бұл күні көпірдің жанындағы алаңда қырыққа жуық киіз үй тігілді. Межелі жерге таңғы сағат сегізде жиналған жұрттың қарасы қалың. Бұл тарихи сәтке тек Күршімнің жұрты ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен, басқа аймақтардан келген қонақтар да куә болды. Олардың көбі кезінде осы жақта тұрған адамдар. Көшіп кетсе де, жерлестерінің қуанышына ортақтасып, осы тойға арнайы келіп қалған екен. Мұнда таңнан бастап түрлі спорттық жарыстар өтті: қол күрес, қазақ күресі, арқан тарту, гір көтеру, тай көтеру және т.б.
Бұл көпірді Шығыс жұрты ұзақ күтті. Әсіресе, жол азабын Күршім, Марқакөл аудандарының тұрғындары көп тартты. Бүгінде қуанышқа кенелген жұрт сол қиындықтарды еске алып, көпірдің салуына мұрындық болғандардың барлығына алғыс айтып жатыр.
Тойға жиналған жұрт аймақтың қолөнершілерінің көрмесін тамашалады. Одан бөлек тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылған жәрмеңке де ұйымдастырылды.
Сағат онда көпірде көлік қозғалысы уақытша жабылып, салтанатты автошеру басталды. Көк тулармен безендерілген жүз ақ автокөлік көпірмен өтіп, мерекелік атмсофераны ерекше көңіл-күйге бөледі.
Бұдан кейін 1,3 метр қашықтыққа кросс жүгірді. Бұл додаға еліміздің барлық облыстарынан келген 60-тан астам адам қатысты.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев күршімдіктер мен той қонақтарын Республика күнімен және көпірдің ашылуымен құттықтап, оның құрылысына елеулі еңбек сіңірген және қолдау көрсеткен азаматтарды марапаттады.
Абай облысы әкімінің кеңесшісі Азамат Қасым, «Күршім» паромының капитаны Алтай Бердікпаев, аға капитаны Серік Нүкетаев және басқарушысы Қадылбек Жармұхамбетов алғыс хаттармен марапатталды.
Ауданның құрметті азаматтарының алғыс сөздерінен кейін ақсақалдар бата берді.
«Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді ғой қазақ. Осы шарада Бұқтырма су қоймасындағы өткелде суға кетіп, қаза тапқандардың рухына құран бағышталып, ас берілді. Ас беру аудан жұртшылығының қаражаты есебінен өткізілді. Бұл шараға бес мыңнан астам халық жиналыпты. Сол жерде ақ түйе сойылып, еті көп балалы және аз қамтылған отбасыларға таратылды.
Мерекенің ресми бөлігі облыстың әртістері мен шығармашылық ұжымдарының, сондай-ақ танымал қазақстандық әншілер Бейбіт Қорған мен Нұрлан Еспановтың қатысуымен өткен тамаша концертке ұласып, спорттық ойындарға қатысушыларды марапаттаумен аяқталды.
Айта кетсек, алдағы уақытта көпірдің арғы-бергі жағалауында полиция бекеттері орнатылмақ. Ал көпірден өту тегін бола ма әлде ақылы бола ма, ол жағы әлі шешіліп жатыр екен.