admin
Жарияланды: 14:03, 22 октябрь 2024
Катонқарағай / Басты / Фоторепортаж

Мәдени серуен: Оралханның музей-үйі

Шыңғыстай. Бұл ауылдың өз атынан бөлек «Оралханның ауылы» деген бейресми атауы бар. Кіреберісінен-ақ жазушының туған өлкесіне ат басын бұрғаныңызды білесіз. Неге десеңіз, ауыл атауынан бөлек «Алтайдың жыршысы Оралхан Бөкейдің ауылы» деген жеке жазу мен қаламгердің бейнесі көзіңізге оттай басылады.


Ала жаздай туристер бұрылмай өтпеген бірден-бір нысан – Оралхан Бөкейдің өзі тұрған музей-үйі, Бөкей ақсақалдың қызыл қарағайдан қиып салған қасиетті қара шаңырағы. Нысан былтыр ғана жазушының 80 жылдығына орай меценат Серік Толықпаевтың демеушілігімен, сол кездегі аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлының қолдауымен жөнделіп, қайта ашылған болатын. Соған орай жазушының ескерткіш кеуде мүсіні  жаңартылып, музей қоры да толықтырылды. Мұнда жазушының балалық шағы мен студенттік кезеңдегі өмірі өткен. Музеймен бізді Әбдікерім болыс атындағы Шыңғыстай орта мектебінің педагог-психологы Альмира Сәрсембаева таныстырды. Музейдің ауласына енгеннен-ақ ерекше бір күйге енесіз, өткен ғасырдың лебі ескендей болады. Қаламгердің анасы илеген тері бөстекті үстіне тастай салып, отырып ойлана кететін қара тасы да өз орнында. Осы тастың үстінде шоқтығы биік шығармаларының бірі «Атау кере» повесі жазылған. Үйдің жанында үш есікті шағын үй бар. Оның бірі отын қора, екіншісі қойма іспетті пайдаланылса, ортаңғы есік жазғы ас үй болған деседі. Дәл осы жазғы ас үйде анасы Күлия келген қонақтармен әңгіме-дүкен құрып, ақ дастарханын ұсынған.

Кіреберісін қоспағанда, музей-үй төрт бөлмеден тұрады. Кіреберіске ұлы Абайдың портреті, «Қар қызы» суреті, бүркіттің мүсіні сияқты музейге сыйға тартылған заттар орналастырылған. Бұдан кейінгі бөлме – ас бөлмесі. Мұнда Күлия анамыз көзі тірісінде тұтынған ыдыс-аяқ, шкафы, сол кездегі халық сүйіп ішкен грузин шайы, анамыздың қолынан шыққан кестелі орамалы бар. Үстел үстінде «Апамның астауы» шығармасына арқау болған астаудың түпнұсқасы тұр. «Ертеңінде ескі қораның бұрышында төңкерулі жатқан Апамның астауын алып, Алматыға қайттым. Апам менің... Сенен не қалды? Жарық астау ма? Иә, адам өмірі де сол жарық астау секілді қаңсып қалады екен-ау...». Шығарманы оқыған адамның есінде бұл жолдар қалғаны анық. 

Ас бөлменің оң жағында жазушының анасы Күлия мен әкесі Бөкейдің жатын бөлмесі. Мұнда олардың төсектері қойылып, портреттері ілінген. Күлия апамыздың сандығы мен өзі пайдаланған іс тігетін машинасын, екі жақ қабырғаға да ілінген тұскиізді көріп, сол заманға тап болғандай сезімде боласыз.

Оралхан Бөкей ата-анасын ерекше сыйлап өткен. Бес қыздың арасындағы жалғыз ұл болып өскен оған халық «Алтайдың жалғызы», «Бөкейдің жалғызы» деп те ат қойған. 

Келесі бөлме – жазушының жұмыс бөлмесі десе де болады. Мұнда оның жазу үстелі, орындығы бар. Үстелде қарындасы Мәншүктің отбасылық фотоальбомы, өзі сүйіп оқыған Иса Байзақовтың кітабы, достары тарту еткен сыйлықтары, талай шығармаларын тасыған қара портфелі қойылған. Фотоальбомның ішінен қаламгердің Жазушылар одағындағы визиткасын, бірінші жары Айманмен таныспақ болып ойдан құрастырған туған күніне шақыру қағазын, жазушы Дидахмет Әшімханға жазған жеделхатын көре аласыз. Жеделхатта «Дикош! Жазған хатыңды алдым. Рахмет. Сенде Шыңғыстай мектебінің суреті бар еді. Соны не темірге, не ағашқа, не болмаса қағазға үлкен етіп салдыртып (ақшасын береміз), «Әлібек үшеуіміздің атымыздан ұсынса қайтеді... Сәлеммен, Оралхан.» деп жазылған.

1962 жылы алғашқы еңбекақысына ата-анасына әперген диваны мен теледидары, бильярд ойнаған кий таяғы да осы бөлмеде. Теледидардың жанындағы кітап сөресі достары сыйға тартқан кітаптар мен естеліктерге толы.Шкафтың жоғарғы тұсында қарындасы Мәншүктің портреті ілінген. Жазушы үлкен ортаға қадам басып, Шерхан Мұртазадай ұстаздан тәлім алуына қарындасының үлесі зор екенін айтып өткен. Алматыға кеткенде қыз бала болса да осы қарындасы ата-анасының қамқорлығын өз мойнына алған.

Бұдан кейінгі төргі бөлме – жазушының төсегінің көшірмесі, 1968 жылы Шолпан апайына сыйлаған радиоласы, мұражай ашылғанда сыйға тартылған шапан, домбыра, қамшы, кілем сынды заттар, жанұялық суреттерінің топтамасы қойылған жатын бөлме. Бөлменің бір бұрышындағы сөреде Оралхан бірінші сыныпқа барғанда соғылған қоңырау, достары сыйға берген қанжары, бозбала кезінде таққан «Слава» сағаты, сондай-ақөмірінің соңына дейін ұстаған «Зенит» фотоаппараты қойылған. Сөренің жоғарғы тұсына жазушы өзі сатып алған «Найзағайдан қашқан балалар», «Белгісіз» картиналары ілінген.

Айналасы жарты сағаттың ішінде музей-үйді аралап, жақын танысып шықтық. Музей қызметкері болып жұмыс жасап жүрген ауыл тұрғыны Динараның айтуынша, мұнда жаз бойы небір зиялы қауым өкілдері қонақ болып, тамсанып қайтқан. Тек бір түйткілді мәселе – музей әлі күнге дейін мемлекеттің қамқорлығына толықтай алынбаған. Сол себептен оны жөндеу, қыста отын-сумен қамтамасыз ету де түйткілді мәселеге айналып отыр.Ауданәкімдігі қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, бұл сұрақ облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп шешімін табатын болады. Қазірдің өзінде құжаттары дайындалып жатыр. Осы мәселе тездетіп соңына апарылып, жазушының көзіндей болған қасиетті орда көзден тыс қалмай, лайықты дәрежесін алса екен дейміз. Оралханның өзі «Шыңғыстайға барайық» деп шақырып кеткен киелі мекенге келгенде музейдің есігі жабық тұрса, экскурсия жүргізетін нақты бір маман болмаса, тиісті абаттандыру жұмыстары жасалмаса, кімге де болсын сын болары анық.


Дана Әбдікәрім

Фото автордікі

 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)