Президент Шығыстың жауынгерін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар әскери қызметкерлер марапатталды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Оның ішінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері ефрейтор Жанасбек Пермабек суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Естеріңізге салсақ, биыл маусым айында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің жауынгері ефрейтор Жанасбек Пермабек жолдасы Үлбі өзенінде тал қармап, суға батып бара жатқан бойжеткенді құтқарып қалған болатын.
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі