ШҚО-да студенттер экологиялық сауаттылығын арттырды
Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесу өтті.
Кездесуде «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Танир Яссы мен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ербол студенттермен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаға ұқыпты қарау және «Эко сақшы» жобасын іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
«Эко сақшы» - биыл маусым айынан бастап іске асырылып жатқан пилоттық жоба. Оған өңірдің әрбір ауылдық округінен 120 адам қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты - эко-волонтерлердің жұмысын үйлестіру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Бүгінгі таңда экосақшылар 73 іс-шара өткізіп, ауыл тұрғындары, жастар, эко-белсенділер, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлерінің көмегімен қоғамдық орындардан және аула аумақтарынан 10 тоннадан астам қоқыс жинады.
Облыстың барлық қалалары мен аудандарында еріктілер үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылып, сенбіліктер өткізілді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен скверді, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысанды тазарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 7 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 370 шақырым арық тазартылды. Елді мекендерде 82 мың аула аумағынан 29 мың тонна қоқыс шығарылды. Облыстың елді мекендері мен орман қорында 75 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Тұрғындардан түскен өтінімдерді пысықтау бойынша қолжетімді платформаны қамтамасыз ету мақсатында 5 шілдеден бастап «TazaQazBot» телеграмм боты іске қосылды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері Полиция департаменті абаттандыру ережелеріне қатысты 5967 бұзушылықты анықтап, 25,9 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табады.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы