Әй, айызымыз бір қанды-ау!
Көңіліңді, мұқым жан-дүниеңді күздің сарғайып кеткен сап-сары жапырағындай күресінге сүйрейтін көңілсіз бір кешінде сілкініп, сергіп, бірер айға жететіндей күш-қуат жинап қайттым, ағайын.
Осыдан бірер күн бұрын Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз бауырым:
Хош, бардық. Нұрғиса Тілендиев - қазақтың тайқы маңдайына басқан сүйіктісі, ұлтымыздың тұяғы тасқа тиіп кетілмеген тарланы, атынан атан үркетін керемет сазгері емес пе еді. Өткен ғасырдың екінші жартысында Төр Алтайдың тау-тасы, сай-саласы, қойнау-қолаты түгелдей ән айтатын: Алтайдың бір жықпылында қойын бағып жайбарақат жүрген қойшысы, жылқышы, малшысының аузында тек қана Шәмшінің, Нұрғисаның, Әсеттің әндері еді-ау. Тіпті таңертең-кешке сиырының төрт емшегін қақтай сауып отырған шешеміздің ыңылдап болсын Нұрекеңнің "Құстар әнін" айтып отырғанын сан естігенмін.
Ауылдың шағын клубы... Бүгін ауыл көркемөнерпаздарының концерті. Ауылдың еңбектеген баласы мен еңкейген шал-кемпірі барын киіп, бақанын қолына ұстап міндетті түрде сол күні кеште клубтан табылады. Бір кезде "Құстар әні" кетеді. Мөлтек мұң мен сартап сағынышыңды әлем-тапырық күйге түсіретін, жұмырдықтай жүрегіңді алағай-бұлағай ететін ғажап ән емес пе еді. Ауыл әншісі жылап тұрып айтады, тыңдарман жұрт жылап отырып қосылады, жылап отырып тыңдайды...
Бүгін сондай күйді бастан екінші мәрте кештім. Оркестрді оның әрі көркемдік жетекшісі, әрі дирижері Дінзухра Тілендиева қарындасымыз бастап келіпті. Нұрекеңнің жалғыз тұяғы әрі болашаққа қалдырған автографы. Оркестрдің репертуары біраз ассимилияцияға түскен сыңайлы. Заманына қарай құбылғаны шығар. Шетелдің әндері басымдық алып бара жатыр екен. Алайда, халық Тілендиевтің "Әлқиссасы" мен "Махамбетін" асыға тосқаны анық. Шыдамсыздау, әсіре эмоцияның жұртынан емеспін бе, жанымда отырған қала әкімі Жәкеңе:
Жәкең қайтара қамшы салдырған жоқ, шығып кетті де тез қайтара оралды. Маған көзін қысты. Іле-шала "Әлқисса", оның соңын ала "Махамбет" кетті дүркіреп. Залда отырған халық дүрк көтерілді. "Ертіс концерт" залының иін*-тірескен халыққа лықа толғанын көрмегелі біраз болып еді, осы жолы сарайды төңкеріп кете жаздады. Дуылдата қол соқты, айғайға басты. Гу-гу, ду-ду. Мен білгенде "Әлқиссаны" тыңдап отырған жұрт қолдарынап шашақты найза, алдаспан қылыш алып беймәлім жауға шапқысы келгені, "Махамбетті" тыңдап отырып зар заманға лағнет айтқысы келгені шындық. Рас айтамын. Қатты дүрлігісті. Ризашылық, қошемет дүрлігісі!
Концерт біте сала Дінзухра қарындасымыз шоқ-шоқ гүлдің астында қалды. Облыстың бас идеологы Ербол Нұрғалиев ініміз бастап берген гүл шоқтарында есеп жоқ. Алтайдың қарапайым жұртының өнерге деген ынтықтығы, Нұрғиса көкемізге, оның өзі негізін қалаған өнер тобына деген сый-құрметі, қала әкімі Жақсылық Мұқашұлына деген аппақ алғыстарының белгісі шығар.
Жоқ, ұлы сазгердің ошағының оты өшпепті. Артында қалған жалғыз тұяғы, қыз болса да атпал азаматтар көтере алмас жүкті қыпша белі майысып болашаққа қарай үкілеп әкетіп бара жатқан Дінзухра қарындасымызға, тұтастай оркестр құрамына үлкен алғысымды айтамын. Айтпақшы, солистер құрамында өзіміздің Қуаныш Оралбаевтың шырқатқан "Саржайлау" әні қара күздің жаңбырлы кешінде концерт залына мұқым ауылды жайлау-майлауымен көшіріп әкелгендей болғанын қалай айтпайын!
Әлібек ҚАҢТАРБАЕВ
Фото: Аяужан УТЕУЛИНОВА