«Қазақстанда» адам саны азайып барады. Билік шекарадағы ауылдарды жандандыра ала ма?
Билік соңғы жылдары шекарадағы аудандарға көп мән бере бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы төмен екенін айтып, бұл мәселені шешуді тапсырды. Содан бері не өзгерді? Шығыс Қазақстан облысында шекарадағы ауылдардың тұрмыс-тіршілігі қалай?
F16.kz тілшілері шекарадағы ауылдардың өмірімен танысып қайтты.
«Ауылда 40 шаңырақ қана қалды»
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы мемлекеттің атымен «Қазақстан» деп аталатын шағын ауылда 40 шақты отбасы түтін түтетіп отыр. Осыдан он жыл бұрын мұнда үйлер саны қазіргіден екі есе көп болған. Тал-терегі қурап, жаңбырдан кейінгі жолдары езіліп, қора-жайларының сыртын су айғыздаған ауылдың күзгі келбеті жүдеу. Тұрғындары «ауылда халық қалмай барады, бәрі көшіп кетті» деп торығады.
Ауылына жаны ашитын азамат туған жерін тастап кетуге қанша қимаса да, кейде «түбі мен де көшемін-ау» деп ойлайтынын айтады. Себеп - жұмыс пен тіршілік көзінің жоқтығы.
Қазақстан ауылы Қытаймен шекарада орналасқан. Облыстың орталықтан қашық жатқан басқа елдімекендері тәрізді мұнда да негізгі жұмыс орыны — мектеп. Одан басқа тұрақты табыс жоққа тән. Кейінгі он жылда екі қолға бір күрек іздеп қалаға ағылғандар саны еселеп көбейген. Ресми дерекке сүйенсек, 1997 жылға дейін Марқакөл ауданында 25 мың адам тұрған. Қазір халық саны 7 мыңнан асады.
Осы ауданда тұратын журналист Абзалбек Мұхаметжанов өңірдегі ахуалды үнемі бақылап отырады Оның сөзінше, адамдардың ауылдан кетуіне түрткі болатын себеп көп. Жол, су, интернет, жұмыссыздық сынды мәселелер бір-біріне жалғасып, адамдар тұйық шеңберде айналып жүрген тәрізді болады. «Әзірге одан шығар жол байқалмайды» деді ол.
Қазақстан ауылында тұратын шаруа Сәбит Мұқашев егін шаруашылығымен айналысу қиын, себебі егістікке су алатын канал жылдар бойы тазартылмаған деді.
Сәбит Мұқашев пен Ринат Қарсақбаевтың айтуына қарағанда, ауылда мал өсіріп пайда табу да қиындап барады. Жемшөп жинау науқанында жанар-жағармайдың қымбаттайтыны, ескі техникалар көптеген қосалқы бөлшекті қажет ететіні шығынды көбейтеді.
Малды сойып, етін қалаға апарып өткізудің азабы да көп. Себебі ауылда қасапхана болмаған соң үлкен елді мекендерге тасуға, сойылған малдың құжатын түгендеу үшін аудан орталығына шапқылауға тура келеді. Адамдар бұлайша уақыт жоғалтып, сабылғаннан гөрі төрт түлігін ауылдарды аралап келетін алыпсатарларға нарықтан төмен бағаға сатуға мәжбүр болатынын айтады.
«Шығыс Қазақстандағы ауруханалардың 70 пайызы ескірген»
Тұрғындар ауданда халыққа қолайлы тіршілік ету қиын деді. Әсіресе, ауылда медицина кенжелеп қалған. Дәрігер тапшылығынан ауыл азаматтары 400 шақырым қашықтағы облыс орталығы – Өскеменге баруға мәжбүр болады.
Бұл күрделі мәселе әрі халықтың ауылдан ірге аударуына түрткі болып отырған өзекті жайттың бірі екенін аудан әкімі Рүстембек Кемешов те жоққа шығармайды.
Медицина саласы бойынша Шығыс Қазақстан облысының өзге аудандарында да халықтың шағымы көп. Қытаймен шекарадағы тағы бір аудан – Тарбағатай ауданының халқы да көптен бері дәрігер жетіспеушілігін алға тартып келеді. Сондай адамдардың бірі - Тұғыл ауылының тұрғыны Самал Смағұлова.
Амбулаторияның ескіргені мен дәрігер жетіспеушілігі мәселесін Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев та растады.
Кетейін десе жұмыс жоқ, кетпейін десе жағдай жоқ
Оның сөзінше, халықты жол азабы да қажытқан. Көптеген ауылдың жолы әбден тозған. Мысалы, Ақбұлақ ауылының адамдары аудан орталығына жету үшін 60 шақырым тау жолымен жүруге мәжбүр. Қара жолда кесек тас көп, көлік жиі бұзылады. Көктем мен күзде лай болып, көліктердің батып жатуы таңсық көрініс емес. Жұртшылық қатынастың қиындығы адамдарды ауылдан кетуге итермелейді деп есептейді.
Мемлекет шекарадағы ауылдарды ұстап қалуға көп күш жұмсап келеді. Кейінгі жылдары халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан солтүстік пен шығыс аймаққа адамдарды көшіруге арналған бағдарламаны іске қосты. Шығыс Қазақстанда 1997 жылы біріктірілген Күршім — Марқакөл, Катонқарағай — Үлкен Нарын, Тарбағатай — Ақсуат сынды аудандарды биыл қайта бөлді.
Үкіметтің түсіндіруіне қарағанда, бұл шалғайдағы ауылдарға аудан орталықтары жақындауына және жалпы экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосады. Кейінгі жылдары билік көптеген шағын елді мекенде амбулатория, мектеп, балалар ойын алаңдарын да белсенді тұрғыза бастады.
Бірақ сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев халқы көп облыстардың тұрғындарын көшіру жобасы нәтиже бермеді деді. Бұл туралы биыл ақпанда өткен үкімет сағатында айтты.
Халықты ауылда ұстап тұру мен сырттан көшіріп алып келу жоспарларының нәтиже бермеуіне жұмыс орындарын ашу мен ауызсу, интернет байланысы тәрізді адамға аса қажетті шаруаларды атқаруды былай қойғанда, табиғаттың мінезіне бейімделіп, мезгіл қиындықтарын еңсеру жағы да кедергі болып тұрғандай. Анығырақ айтқанда, Марқакөл өңірінде қыс қатал, қар қалың түседі. Ал жазда маса мен шіркей басып, аулаға аттап шығу мүмкін болмайды.
Марқакөл өңірін аралап шыққан мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын. «Жалпы Марқакөл өңірінен халықтың үдере көшуі тоқтамай тұр. Бұл проблеманың бір себебі, әлеуметтік-экономикалық проблемалармен қатар, (парадокс болса да) осы маса болуы ықтимал» деген депутат.
Өткен қыста 2 метр қар жауып, жыл басында ауданның алты ауылында бір ай көлік қатынасы болмады. Жол бір ай шамасында ғана ашылды. Ауылға азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақ арқылы жеткізілді. Төсқайың ауылында инсультке шалдыққан 71 жастағы адамға бірнеше күн бойы құтқарушылар жете алмады. Ауа райы мүмкіншілік туғызғаннан кейін ғана науқас облыс орталығына тікұшақпен жеткізілді. Кейін науқастың көз жұмғаны хабарланды.
Азаттық радиосының жазуынша, оңтүстіктен көшіп келген отбасылар да қытымыр қыстың қиындығына шағынады. Осында көшіп келіп, жерсіне алмай, кері көшіп кеткен отбасылар да бар.
Боран, Қалжыр, Қазақстан, Қарашілік сынды ауылдардың бір қиын мәселесі — жыл сайын жазда маса мен шіркей халықты әбігерге салады. Жазда шаруа істеу былай қойғанда, аулаға аттап басу мүмкін болмайды. Халық көшеге қалың киініп, беттерін омарташының торымен тұмшалап қана шығады.
Қазақстан ауылының тұрғыны Сәбит Мұқашев совет одағы кезінде мұндай жағдай болмағанын еске алады. Оның айтуынша, сол кезде тікұшақпен дәрі шашатын. Содан кейін маса-шіркей сап тыйылатын. Ал қазір дезинсекция құрылғысын орнатқан арнайы автокөлік ауыл ішіндегі жолдармен жүріп өтіп, дәрі шашады. Бірақ бұл оң нәтиже бермейді екен.
Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешов аудан енді ғана құрылып жатқанын, нәтиже алдағы уақытта көріне бастайтынын айтады.
Аталған мәселенің барлығы Шығыс Қазақстанның басқа аудандарына да тән. Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарының халқы да, жол, интернет пен ұялы байланыс, ауызсу мәселесінің зардабын тартып келеді. Бұл аудандарда да адам саны айтарлықтай азайған. Мәселен, Тарбағатай ауданында 1997 жылға дейін 60 мың адам тұрса, қазір содан үш есе төмен — 19 мың тұрғын бар.
Халық саны азайған ауылдардағы тұрғындардың көңілі әрі-сәрі. Кейбіреулері ауылдан көшкісі келмейді. Себебі қалаға барған күнде де дайын баспанасы, жұмысы жоқ. Оның үстіне қарапайым жұмысшының еңбекақысы да жоғары емес. Сондықтан олар жергілікті атқарушы биліктен жағдайды реттеуді талап етеді. «Басқа жақтан адамдарды көшіріп алып келсе» деп сұрайды. Енді бірі көшіп кеткісі келеді. Бірақ оған жағдайдың жоғы қолбайлау болады.
Қазір Шығыс Қазақстанның барлық шалғай аудандарында ауылға халық шақыру үрдіске айналған.
Мәселен, Тарбағатай ауданының Шолақорда, Тәуке, Ахметбұлақ ауылдарының халқы мен басқа жаққа көшіп кеткен тумалары қоныс аударып келген бірді-екілі отбасыны өздері үймен қамтамасыз еткен. Мұндай бастаманы Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылында туған, бірақ қазір Өскеменде тұратын Бауыржан Жауғашаров та көтеріп келеді. Кәсіпкер азамат ауылдағы ескі үйлерді жөндеп, Қызылорда, Түркістан облыстарынан адам шақырып, 10-ға тарта отбасының ауылға келіп тұруына ықпал еткен.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, биліктің шалғайдағы ауылдарды ұстап қалу жобасы тиімсіз.
Серік Бейсембаев биліктің «ұлттық қауіпсіздік үшін» шекараны толтыру қажет” деп халықты көшіріп апару жобасына да сын көзбен қарайды. Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздік мәселесі қазіргі кезде адамдардың санымен емес, адами капиталдың сапасымен өлшенеді. «Яғни шалғай ауылға көшіп барған 10 адамнан гөрі сапалы білім алған және экономикаға үлес қосып жатқан 10 адам қауіпсіздігімізге көп пайда алып келер еді деп ойлаймын» деді Бейсембаев.
Бейсембаевтың айтуынша, адам баласына шекараны толтырушы ресурс ретінде қарауға болмайды. «Оның үстіне жол, интернет, ауызсу және тағы басқа инфрақұрылым мәселесі жетілмеген жерге барып тұруға итермелеу де – қате түсінік» деді сарапшы.