F16.KZ
Жарияланды: 16:30, 05 июнь 2025
Жаналықтар

Шерзат ісі: Абзал Шынасылға ең ауыр жаза тағайындалды

Бүгін, 5 маусымда екі айдан астам уақытқа созылған Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы аяқталды. Судья Ержан Жанұзақов үкімді оқыды, деп хабарлайды F16.kz.

Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 24-баптың 3-бөлігі (қылмыс жасауға дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) бойынша 23 жылға сотталды. 

Равиль Сакиев Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 293-24-баптың 3-бөлігімен (адам өлтіруге оқталу) 20 жыл;

Шыңғыс Белғожаев Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – 7 жыл;

Дархан Әскентай Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – 7 жыл;

Нұрқияс Ілиясов Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – 9 жыл (бұрынғы 2,5 жылға шектеу жазасын қосқанда);

Нұрбол Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – 7 жыл;

Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), оған қоса 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл (бұрынғы жазасын бірге қосқанда);

Дидар Қалиахмет Қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – 7 жыл;

Кәмелетке толмаған Д.Ысқақ Қылмыстық кодекстің  434-бабымен (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) 1,5 жылға сотталды. Оның изолятордағы бір күні екі күн ретінде есептелетін болды.

Сондай-ақ сот зардап шеккен тарап – Ж.Кадирова, Қ.Нұрымов және Г.Бишембиеваның пайдасына А.Шынасылдан 60 млн теңге, Р.Сакиевтен – 30 млн теңге, сондай-ақ қалған сотталғандар мен Сакиевті қосқанда барлығынан 30 млн теңге моральдық шығын өндіріп алу туралы қаулы шығарды.

Бұдан бөлек сот прокурордың назарын куәгерлер: Д.Жақсыгелді, Эльмира Нұрбекова, Арман Казакенов және Юлдаш Рузбакиевтердің әрекеттеріндегі қылмыс белгілері болуы ықтималдығына аударып, жеке қаулы шығарды.

Еске сала кетсек, былтыр 4 қазанда Алматы облысының Талғар ауданында қайғылы жағдай болды. 16 жастағы Шерзат Полат бұзақылар қолынан қаза тапты. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Кейін, 12 қазанда Азат ауылындағы марқұм Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті.  

2024 жылдың 9 желтоқсанында таңертең Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Полицияның мәліметінше, ол өзіне-өзі қол жұмсаған.   

Фото: видеодан алынған кадр

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)