F16.KZ
Жарияланды: 11:00, 05 июнь 2025
Қылмыс

Шетелге заңсыз түсті металл шығармақ болған топ ұсталды

Елімізде шетелге стратегиялық маңызға ие шикізатты заңсыз шығару әрекеттері тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі қара және түсті металл сынықтарын ел аумағынан заңсыз шығару арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. 

Жақында Жетісу облысының полицейлері экономикалық тергеу департаменті және кеден қызметімен бірлесіп, стратегиялық маңызға ие шикізат саналатын қорғасынның ірі партиясын шетелге заңсыз шығармақ болған топты құрықтады. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында 60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігі тоқтатылды, оның нарықтық құны 60 миллион теңгеден асатыны белгілі болды. Жүк заңсыз экспортқа жіберілмек болған. Қылмыстық схеманы ұйымдастырған барлық адам анықталып, оларды құрықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде.

Бұған дейін осындай фактілер еліміздің басқа өңірлерінде де тіркелген болатын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «жоғары легирленген болат» түрінде қара металл сынықтарын шетелге шығарып жіберуге тырысқан ЖШС-нің заңсыз әрекеті тоқтатылды. Шамамен 1 мың тонна металл сынығы, соның ішінде көршілес мемлекетке жөнелтуге дайын тұрған 7 вагон табылды.

Ал Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің біріне металл сынығын теңіз арқылы жөнелту арнасы анықталды. ЖШС аумағынан шетел асуға тиіс болған 400 тоннадан астам қара металл сынығы табылған.

Фото: polisia.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)