Өңір экологиясына қатысты маңызды құжатқа қол қойылды

Облыс әкімдігінде өңір мен Өскемен қаласындағы экологиялық жағдайды оңалтуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде Өскемен қаласының ірі кәсіпорындары мен мемлекеттік органдар басшылары, экологтар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан алқалы жиын өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов төрағалық етті.
Басқосуда қолайсыз метеорологиялық жағдайда, сондай-ақ экологиялық төтенше жағдайлар кезіндегі мемлекеттік органдар мен өндіріс орындары арасындағы өзара іс-қимылды реттеуге бағытталған меморандумға қол қойылды.
Атап айтсақ, бұл күні өңір экологиясы үшін маңызды құжатқа «Казцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «ҮМЗ» АҚ, «Востокмашзавод», Өскемен май зауыты, сондай-ақ, барлық жылу энергетика нысандары – Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, «Шығыс жылу» АҚ басшылары қол қойды.
Меморандум қолайсыз метеорологиялық жағдай мен экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде барлық тараптың үйлестірілген іс-қимылдарын көздейді. Бұл – шығарындыларды жедел түрде азайту, ақпарат алмасудың ашықтығы, мониторингке қатысу және ең бастысы – қоршаған ортаның ластануын болдырмауға бағытталған алдын алу шаралары. Бұл туралы «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының жетекшісі Елена Березинская-Абилова айтты.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі