Тарбағатайда 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Тарбағатай ауданында 1,3 млрд теңгеден астам бюджет қаражат тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Бұл туралы аудандық мәслихаттың депутаты Жанна Сәкетаева Фейсбук әлеуметтік желісінде мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
«Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 381 146 200 теңге бюджет қаражаты мен активтері тиімсіз пайдаланылғаны анықталды:
39 997 900 теңге – сатып алынған техника пайдаланусыз қалып отыр (Ақжар және Тұғыл ауылдық округтері әкімдіктері);
53 589 500 теңге – сатып алынған негізгі құралдар басқа органдарға негізсіз берілген (Ақжар мәдениет үйі);
8 404 000 теңге – бонустар орнына негізсіз сыйақы төлеуге жұмсалған;
8 617 000 теңге – стадион жөндеуінде сметада жоқ жұмыстарға қаражат кетіп, нақты мақсатқа сай жұмыс жүргізілмеген;
1 233 934 800 теңге – қолданылмай тұрған активтер: кәріз желілері, техника, бағдарламалық қамтамасыз ету;
36 680 800 теңге – жөндеуден өткен, бірақ пайдаланылмай тұрған нысандар (субұрқақтар мен ұңғымалар).
Бұл деректер – халық қаржысының есепсіз жұмсалып жатқанын көрсетеді. Бақылау мен ашықтық болмаса, осындай мысалдар қайталана береді!» деп жазды Жанна Сәкетаева.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Бұл мәселеге қатысты Тарбағатай аудандық әкімдігі Фейсбук әлеуметтік желісінде түсініктеме берді. Жергілікті биліктің берген ресми жауабын оқырман назарына қаз-қалпында ұсындық.
«Аудитпен жалпы сомасы 1 381 146,2 мың теңге бюджет қаражаты мен активтерінің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды:
Аудиттік тексеріс нәтижесінде тиімсіз пайдаланылған деп танылған қаражаттың әрқайсына жеке түсіндірме береміз:
ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ТҰРҒАН ТЕХНИКА
Жалпы сомасы 39 997,9 мың теңгеге техника сатып алынып, коммуналдық мекеменің балансына берілді, ол кейіннен пайдаланылмады. (Ақжар, Тұғыл ауылдық округтері әкімінің аппараты);
Түсіндірме: 33 547,7 мың қаражатқа Ақжар ауылдық округі әкімдігі иелігіне погрузшик спецтехника сатып алынып, қазір қолданыста жүр. Бұл техника аудан бойынша қоқыс полигондарын күрейді, бұзылған үйлердің орындарын тазалайды және су тасқынының алдын алу жұмыстарына, басқа қажетті жұмыстарға пайдаланылып жүр.
Жалпы қалдық құны 6 450,2 мың теңге тұратын трактор мен экскаватор Тұғыл ауылдық округінің теңгерімінде тұр. Бұл техникаларды ауылдық округ әкімдігі қар күреу, қоқыс шығару сияқты жұмыстарға пайдаланады.
Аудиттік тексеріс нәтижесінде аталған техникаларды ауылдық округ әкімдіктері теңгеріміне тұруға тиісті емес деп танып, «пайдаланылмай тұр» деген қорытынды жасаған.
«Ақжар» коммуналдық шаруашылық мекемесінің құзіретінде су тасқынының алдын алу, қоқыс полигондарын күреу сияқты жұмыстарды атқару қарастырылмаған. Сондықтан да аталған техникаларды ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне беруге шешім қабылданған.
ҚҰРАЛДАРДЫҢ НЕГІЗСІЗ БЕРІЛГЕНІ ТУРАЛЫ
53 589,5 мың теңге сомасында негізгі қаражат сатып алынып, кейіннен облыстық бюджеттен қаржыландырылатын басқа мемлекеттік органдарға берілді (Ақжар мәдениет үйі);
Түсіндірме: 2022 жылы аудан орталығы Ақжар ауылына ауыстырылды. Сол себепті барлық деңгейдегі қаржыландырылатын мекемелер Ақсуат ауылынан Ақжарға ауыстырылды. Ақжар ауылына көшіп келген барлық мекемелерді ғимараттармен қамту, интернет жүйесіне қосу, кабинеттік жиһаздар мен негізгі құралдар (компьютерлер, принтерлер, т.б) жетіспеушілігі мәселелері туындады. Олардың ішінде аудандық полиция бөлімі, аудандық прокуратура, қазынашылық басқармасы, салық басқармасы сияқты облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер де жаңадан көшіп келді. Аудан әкімдігінің алдында олардың да жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау міндеті тұрды. Сондықтан да мәселені шешу үшін облыстың тапсырысымен 53 589,5 мың теңге қаражатқа барлық қажетті негізгі құралдар мен кабинет жиhаздары, бір әкімшілік бағдарлама арқылы сатып алынып, мекемелердің иелігіне берілді.
НЕГІЗСІЗ СЫЙАҚЫ
Бастапқыда бонустар төлеуге жоспарланған сомасы 8 404,0 мың теңге бюджет қаражаты сыйлықақы төлеуге тиімсіз пайдаланылды (Ақжар ауылдық округі әкімінің аппараты, Тұғыл ауылдық округі әкімінің аппараты);
Түсіндірме: Ауданның өз қаражатына үнемдеуден болған қаражатты (бос тұрған лауазымдардың жалақысынан үнемделген қаражат) қаржы басқармасының рұқсатымен 8 404,0 мың теңге бонуста тұрған қаражатты сыйақы төлеу кодқа ауыстырылып, межеленген көрсеткіштерді орындаған барлық мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатымен, аудан басшылығының рұксатымен сыйлық ақы ретінде төленген.
ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ?
Ақжар ауылындағы стадионды жөндеуге жұмсалған сомасы 8 617,0 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылмады, яғни орындалған жұмыстардан тыс жұмыстар жүргізілді (сметалық құжаттамада көзделген стадионның (спорт алаңының) периметрі бойынша жүгіру жолының асфальт жабының үстіне бетон ерітіндісі құйылған) (Ақжар ауылдық округі әкімінің аппараты);
Түсіндірме: 2022 жылы аудан орталығы Ақжар ауылына көшірілгенде аудан тұрғындарының және қала-далада жүрген ауданның атқа мінер азаматтардың, зиялы қауымның шешімімен Қабанбай батырдың 330 жылдық тойын жасауға шешім қабылданып, той өткізілген болатын. Сол жылы орталық стадиондағы жүгіру жолағы тозып тұрғанына байланысты жаңадан асфальтанған болатын. Ал кейін арада 2 жыл өткен соң «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы арқылы бюджеттен стадионды қайта жаңғыртуға қаражат бөлінді. Сметалық құжаттама бойынша стадионның (спорт алаңының) периметрі бойынша жүгіру жолының асфальт жабынының үстіне заманауи бетон ерітіндісі (тартановое покрытие) құюға смета жасалды. Аудиттік тексеріс нәтижесінде 8 млн 617 мың теңге тиімсіз жұмсалған деген қорытынды жасалған. Яғни 2022 жылы жүгіру жолағына асфальт төсемей, араға екі жыл уақыт күтіп бірден бетон ерітіндісі (тартановое покрытие) құю қажет болатын деген қорытынды жасаған.
ЖЫР БОЛҒАН КӘРІЗ
Жалпы сомасы 1 233 934,8 мың теңгенің активтері өндірістік қызметте пайдаланылмайды және қолданылмайды (ТКШ бөлімі (кәріз желілері және тазарту құрылыстары), «Ақжар» КМК (БМС және техника), Мәдениет бөлімі және Ақжар мәдениет үйі (бағдарламалық қамтамасыз ету);
Түсіндірме: Ақжар ауылына 1 233 934,8 мың теңге қаражатқа 2019 жылы кәрізі жүйесі магистралі желісі құрылысы салынған болатын. Кәріз желісі тек магистралі тартылғандықтан жеке үйлерге жалғау жұмыстары сметада қарастырылмаған. Сондықтан 2023 жылы қосымша қаражат бөлініп, Ақжар аулында кәріз желілерін қайта жаңғырту (подводка домам) жұмыстары басталды. Жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған. 2025 жылдың тамыз айында кәріз желілері Ақжар МКМ мекемесіне өткізіліп пайдалануға беріледі.
Аудиттік тексері кәріз жүйесі жұмыс істемей тұрғандығына байланысты 1 233 934,8 мың теңге қаражат тиімсіз пайдаланылған деген қорытынды жасаған.
АУЫЗСУ ҚҰБЫРЫ
36 680,8 мың теңге сомаға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін объект пайдаланылмайды (Тұғыл ауылдық округі әкімінің аппараты (Тұғыл ауылындағы субұрқақ), ТКШ бөлімі (Тұғыл ауылында ұңғымаларды бұрғылау).
Түсіндірме: 2023 жылы Тұғыл ауылы тұрғындарының орталықтандырылған ауызсудың аздығы, резервуардағы судың жетіспеушілігіне байланысты арыз-шағымдары көп болды. Мәселені зерттеген мамандар резервуардағы ауызсуды молайту үшін қосымша ұңғыма қазу қажет деген қорытындыға келген. Халықтың сұрауы қанғаттандырылып, қосымша 1 ұңғыма (скважина) 25 млн теңге қаражатқа бұрғылынып, қазылды. Мердігер мекеме өзіне тиеслі жұмысты толық аяқтады. Ал бұл ұңғыманы жұмыс істеп тұрған бұрынғы ұңғымаға жалғау жұмыстары қосымсша қаражатты қажет ететін жеке жоба болып есептеледі. Осы мақсатта жаңадан қазылған ұңғыманы резервуарға дейін жалғау жұмыстарын жүргізуге жеке конкурс жарияланды. Алайда 2024 жылы конкурстык рәсім өтпеді. Өйткені конкурсқа ешбір мердігер қатыспағандықтан қаражат бюджетке кері қайтарылды. 2025 жылы ұңғыманы резервуарға дейін жалғау жұмыстарына қаражат қайта қаралып, бүгінгі таңда конкурсық рәсімдер жүргізілуде. Ұңғыма құдығы – Тұғыл ауылына өте қажетті маңызды жоба. Өткені жаз мезгілінде халық суды көп тұтынатындықтан, ауылда ауызсу жетіспеушілігі болады.
Аудиттік тексеріс нәтижесінде «ұңғыма жұмыс істеп тұрған жоқ, яғни қаражат тиімсіз жұмсалған» деген қорытынды жасалған.
Аталған қаражаттың барлығы аудандық мәслихаттың сессияларында толықтай қаралып, депутттардың қолдауы арқылы жүзеге асырылғандығын ескертеміз».
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың басында біздің редакция Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылындағы жыр болған кәріз құбыры желісі туралы «Шығыс Қазақстанның шекаралық аймағында қыруар ақша жұмсалған жобалар неге аяқталмай қалды?» деген тақырыппен зерттеу мақала жариялаған.
Фото: F16.kz/коллаж




