Өскемендегі «бірінші қалалық ауруханада» жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталық қайта қалпына келтіріліп жатыр. Халық арсында «№1 қалалық аурухана» аталып кеткен нысан 40 жылдан бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен, деп хабарлайды F16.kz.
Медицналық мекемедегі қызмет сапасына, тар палаталар мен ескі жиһаздарға шаһар тұрғындары жиі шағымданатын. Бұған дейін жөндеу жүргізілетіні бірнеше рет айтылғанымен, жұмыстар жекелеген бөлмелерді жөндеумен шектеліпті.
Бүгінде көптен күткен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауруханадағы желдету жүйесінен бастап, палатадағы шақыру батырмаларына дейін жаңарту жоспарланып отыр.
Жоспар бойынша жұмыстар толықтай 2026 жылы аяқталуға тиіс. Қазіргі күні ғимараттың желдету жүйесін ауыстыру толықтай аяқталған.
Аурухананың қабылдау бөліміне күніне 200-ге жуық адам жүгінеді. Келушілерді қабылдайтын бөлімнің де жағдайы мәз емес, дәліз тар, бөлмелер ескі. Аурухана басшылығының сөзінше, алдағы уақытта бөлім жеке инвестиция есебінен жөнделмек. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңгеден асады.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




