ТМК-ға 24 миллион теңге айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің мамандары осыдан біраз бұрын ауаға ластаушы заттар шығарып, басы дауға қалған Өскемен титан-магний комбинатына қатысты жүргізілген тексеріс нәтижелері туралы айтып берді, деп хабарлайды F16.kz.
Оқиға 19 мамырда болған. Дәл сол күні кәсіпорында бу-газ қоспасының атмосфераға таралуына әкеп соқтырған технологиялық оқиға тіркелді.
Жедел жүргізілген тексеріс барысында өндіріс орнында газ тазарту жабдықтарын пайдалануға қойылатын талаптарды сақтамау фактілері анықталды. Нормативке сәйкес, технологиялық жабдықты пайдалануға жобалық газ тазарту қондырғылары бар болған және дұрыс жұмыс істеген жағдайда ғана жол беріледі.
Кәсіпорынның ресми ақпаратына сенсек, оқиға екі сағатқа созылған. Бұл фактіні тексеру жұмыстарына тартылған облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да растады.
Тексеріс нәтижесі бойынша кәсіпорынға қажетті ұйғарымдар беріліп, шамамен 24 миллион теңгенің айыппұлы салынғаны белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға болған күннің ертеңінде, яғни 20 мамырда Өскемен тұрғындары қаланы басқан сарғыш түтінге шағымданған. Дәл сол кезде әлеуметтік желілерде зауытта хлор ағып кетті деген қауесет тарап, елді одан сайын дүрліктірген.




