F16.KZ
Жарияланды: 09:00, 05 июнь 2025
Өскемен / Жаналықтар / Басты

Үлескерлер мәселесі, жылыжай құрылысы: ШҚО әкімінің қабылдауы қалай өтті?

Зайсан ауданының тұрғыны Алыбек Мұқашев жылыжай салығысы келеді. Ал катонқарағайлық Дариға Исабаева туризмді дамытуға қолдау қажеттігін айтты. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың азаматтарды жеке қабылдауында мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.

Кездесуде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу тетіктері, туризм және марал шаруашылығы салаларындағы мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды.

Тұмса табиғатымен әйгілі Катонқарағай өңірінде туризмнің тамырына қан жүгіртіп отырған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Дариға Исабаева. Ол кездесуде өңір басшысынан Төр Алтайдың төріндегі «Баян» емдеу-сауықтыру орталығына қолдау көрсетуді сұрады.

Өскемендік тұрғындар Қарлығаш Әлібекқызы, Евгений Яровой, Ербол Мауин және Динара Мұхтариева қаладағы 18 жастан асқан ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған орталықтың жоқтығы тілге тиек етті. Облыс әкімі бұл мәселе бойынша қосымша ғимараттар мен жабдықтар есебінен кеңейту мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын айтты.

Diamond тұрғын үй кешенінің үлескерлері құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуына алаңдаушылық білдірді. Облыс әкімінің айтуынша, «Қазақстан тұрғын үй компаниясымен» бірлесіп тұрғын үй кешенінің жаңа жобасы бойынша жобалау жұмыстары басталған, сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілген. Құрылысты қайта бастау 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.

Зайсан ауданынан келген Алыбек Мұқашев жылыжай құрылысы жобасын ұсынды. Облыс әкімі бұл бастаманы жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ертіс» ӘКК-не нақты тапсырма берді.

Мұндай бастамалар шалғай өңірлер үшін өте маңызды – бұл жаңа жұмыс орындары және өңірдің дамуына қосылатын үлес, – деді Сақтағанов.

Козыбаевтар отбасы жұмыспен қамтуға жәрдемдескені үшін облыс әкіміне алғыс айтты. Бүгінде Ләззат Козыбаева №16 мектепке жұмысқа орналасты.

Азаматтардың барлық өтініштері қаралып, көтерілген мәселелер шешілетін болады.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)