«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
Қазақстанның шығысындағы шекаралас аудандардың мүшкіл халін тіпті қоюлатып, жұртшылықты уайымға салып отырған тағы бір мәселе – экология. Өңір халқы кен игерушілердің бағалы металл іздеп, тұмса табиғаттың астаң-кестеңін шығарып жатқанына алаңдап отыр. Жер-жерде алтын барлап, өзенді қазып, суды ластап, тауды тесіп жатқан оқиғалар көбейіп барады екен. Осы тұста F16.kz тілшілері Қытаймен шекаралас Тарбағатай ауданына барып, ел ішіндегі жағдайды көріп қайтты. Күршім мен Марқакөл аудандарындағы ахуалды шолып өтті.
Халықтың алаңдауына себеп бар. Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысының аумағында бағалы металл іздеп тау-тасты талқандаған жағдайлар көбейген. Әсіресе, жеке алтын қазушылар (черный старатель) жер-көкті аударып-төңкеріп, жазиралы даланың қорыс-қопасын шығарған. Мәселен, биыл шілде айында Шығыс Қазақстан облысының аумағында жерасты байлығын заңсыз өндірумен айналысқан екі топ ұсталды. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, жеті адамнан тұратын бір топ Самар ауданында алтын қазған. Олар алдымен металл детекторлар арқылы барлау жүргізіп, кейін ол жерді экскаватормен қазған. Сөйтіп алтын кесектерін өндірген. Тексеру барысында тәртіп сақшылары олардан шамамен 5-6 грамм алтын кесектерін, ауыр техника, тиегіш, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркілеген.
11 адамнан тұратын екінші топ Үлкен Нарын ауданында ұсталды. Полиция олардан ауыр техникамен қатар 20 грамнан астам алтын түйіршігін, алты металл іздегіш пен радиостанция тәркілеген. Заң бұзғандар жауапқа тартылды.
Бұл - құқық қорғау органдарының құрығына ілінгендер. Ал енді қолында рұқсат қағазы бар алтын іздегіштер қаншама! Тау-тасты қопарып, өзен-суды лайлаған «кеншілер» туралы жергілікті халық әбден хабардар, оларды талай рет көзбен көрген. Ауыл маңында кен өндіреді екен десе өре түрегелетіні сондықтан.
Қалжыр қалай ластанды?
2021 жылдың қыркүйек айы. Күршім ауданындағы (ол кезде Марқакөл ауданы Күршім ауданының құрамында болған) Қалжыр өзенінің ластанғанын айтып, жергілікті жұрт дабыл қақты. Әдетте түбіндегі малта тастар мөлдіреп көрініп жататын тау өзенінің бірнеше күн бойы қоңыр түске боялғанын байқаған адамдар оны фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратты. Бұл оқиға жауапты орындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмайды.
Республикалық «Айқын» газетінің сайты 2021 жылы 22 қыркүйекте жариялаған мақаласында: «Қазір өзенде су емес, май аралас лай батпақ ағып жатыр. Қалжырдың Ертіске барып құятынын ескерсек, төменде суын ішіп, малын суарып отырған халық пен өзенді мекендеген балықтың жағдайы не болады? «Өзеннің осындай халге түсуі алтын қазумен байланысты» дейді білетіндер», – деп жазды.
Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиғаға қатысты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында: Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді», деп жазды.
Аудан тұрғындары өзен 2020 жылы да дәл осылай лайланғанын айтып, фото-видео дәлелдерін алға тартқан. Халықтың дабыл қағуы орынды. Қалжыр әйгілі Марқакөл көлінен ағып шығатын жалғыз өзен және оның бойында оншақты елді мекен бар. Өзен суын егіншілік пен бау-бақшаға, мал шаруашылығына және басқа да қажеттілікке пайдаланады. Тастай суық, мөп-мөлдір тау өзенінен су ішіп отырғандар да бар.
Президент тапсырмасына орай облыстық экология департаменті тексеру жүргізіп, нәтижесін жариялаған. Судың ластануына сол маңда алтын өндірумен рұқсатсыз айналысқан жеке кәсіпкерлердің әрекеті әсер еткен екен.
«Алтын кенін іздеу бойынша жұмыстарды заңсыз жүргізгені, рұқсат етілмеген құрылыстарды бұзу туралы сот шешімін орындамағаны, сондай-ақ экологиялық сараптама жүргізбей объектілерді өз бетінше салғаны үшін Күршім ауданының №2 аудандық сотының және облыстық экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндірушілікке берілген лицензиялары кері қайтарылды», деп жазды Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті БАҚ өкілдеріне берген ресми жауапта.
Жанат айтқан алтын іздеушілер Марқаның тау мен тасын әлі де кезіп жүр. Қарасы көбеймесе азайған жоқ.
Бұған дейін Күршім ауданы шекаралық аймақ саналған. Өйткені оның құрамына Қытаймен іргелес жатқан Марқакөл ауданының ауылдары кірген. Президент жарлығымен қайта құрылған Марқакөл ауданы биылдан бастап өз еншісін алып, жеке шықты.
Маралды халқынан маза кетті
Аудан орталығы Күршімнен 80 шақырым жердегі Маралды ауылының халқы да алтын өндірушілерге наразылық білдіріп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Он жылдан астам уақыттан бері кен барлау жұмысын жүргізген «BCAM Продакшн» ЖШС 2022 жылы фабрика сала бастаған.
Ал жергілікті тұрғындар іргедегі таудың үстіне, Маралдыдан 2 шақырым жерде, алтынды ашық әдіспен өндіретін фабрика салуға қарсылық білдірген. «Бұл фабрика өзен-суды ластап, табиғатқа орны толмас залал келтіреді, ал өндірісте цианид қоспасын пайдалану өте қауіпті» деп шулады жұрт. Ал фабриканың жобасын жасаған эколог Дәулет Асанов өндірісте қолданылатын натрий цианиді арнайы бөгет ішінде сақталатынын, бұлақтарға немесе жерасты суларына қосылмайтынын айтады.
Алтын өндіруші компания өкілдері де фабрика мен сілтісіздендіру алаңының ортасында өндірістік су айналмалы жүйеде жүретінін алға тартуда. Яғни тұйық шеңберде болғндықтан цианидтің өзенге немесе жерасты суларына қосыла қоюы екіталай дейді.
Бірақ жергілікті халық бұған сенбейді, улы химиялық зат айналаға қар суымен жайылуы немесе буланып, ауаға тозаң болып таралуы мүмкін деп үрейленді.
Жергілікті тұрғындардың шақыртуымен Маралдыға тәуелсіз экологтар барған. Мамандардың айтуынша, кен өндіру жұмысы ауыл іргесіндегі биік тауда жүргізілетіндіктен қауіп өте жоғары. Апатты жағдай болса химиялық сұйықтық таудан құлап ағып, өзен-суға қосылады, жерасты су көздерін ластайды. Ал адамдар жерасты суын әр үйдің ауласына қазып алған құдықтан ішіп отыр.
Сондай-ақ құрылысы басталған фабрика аумағынан бұлақ көзі табылды. Табылғанда бастау бұрыннан болған және оны жергілікті жұрт білетін. Мұны мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында құрылған комиссия мүшелері де, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері де көрген.
Кеніш аумағында Қызыл кітапқа енген таушымылдық, рауағаш сияқты сирек кездесетін өсімдіктер өсіп тұрғанын адамдар фото-видеоға таспалап, тиісті орындарға жіберген. Тексеру комиссиясына көрсеткен. Алайда жауапты ведомстволар алтын фабрикасы заң аясында салынып жатқанын мәлімдеді. Арыз-шағымын өңір билігіне естірте алмаған маралдылықтар Президентке хат жолдаған. «Алтын өндіру фабрикаларын құру ниетіндегі олигархтардың баса-көктеген әрекетінен қорғану үшін сізге жүгінуге мәжбүрміз» деп басталатын хатта тұрғындар аудан аумағында экожүйеге нұқсан келіп жатқанын жазды.
Күршім ауданындағы бұл ауылда вице-министрлерден бастап Мәжіліс депутаттары, басқарма, департамент басшылары, БАҚ өкілдері және басқа да сала мамандары болды. Бірақ жергілікті жұрт басқаны емес, облыс әкімі Ермек Көшербаевты күтіп жүр. Өңір билігін қолына алғанына бір жылдан астам уақыт өтсе де Маралды жеріне аймақ басшысының табаны әлі тимеді.
Дегенмен былтыр желтоқсан айында Өскеменде халықпен кездескенде облыс әкімі Ермек Көшербаев:
Бірақ облыс әкімінің бұл сөзі ауылдағы ағайынның көңіліндегі күмәнді сейілте алмады. Барлық қоғамдық тыңдауда халық фабрика құрылысына қарсылық танытты. «Бұл экологиялық апатқа әкеледі. Жайылым тарылды. Мал жаятын жер қалмады. Малмен жан бағып отырмыз. Енді суымызды ластап, цианидпен уласа қайтеміз? Бәріміз көшіп-көшіп кетеміз. Басқа амалымыз қалмайды. Бұлардың көздегені сол», деп наразылықты жалғастырып келеді.
Биыл мамыр айында Маралды жұрты фабрика салынып жатқан жерге рұқсатсыз кіріп, күзетілген аймақтың ішіндегі жағдайды көрмек болған. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, бірнеше адам жазаға тартылып, қамалған.
Жалпы, елдің наразылығы үдеген сайын ауылдағы белсенділерге қысым да күшейген. Полиция олардың үйін тінтіп, қудалаған. Мәселен, маралдылық Жанар Кәрібаеваның үйіне тінту жүргізілсе, Әділ Қожақов 10 күн әкімшілік қамауда отырып шыққан.
Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев журналистерге: «Өкінішке қарай, жауапты шетелдік инвестор Маралды ауылының экологиялық мәселесін желеу етіп, әрекет етіп жүрген шағын бір топтың құрбаны болды. Маралдыда тұрмаса да және тікелей қатысы болмаса да ықпал етіп жүрген басқа да адамдар бар» деп мәлімдеген. Адамдарды айдап салып, қарсы қойып отырған солар көрінеді. Алайда жергілікті жұрт мұнымен келіспейді.
Маралды ауылындағы алтын фабрикасының дауына әлі нүкте қойылған жоқ. Қудалау мен үркітіпу-қорқытудан әбден зәтте болған ағайын бұрынғыдай дүрлікпесе де ара-тұра қарсылық білдіруден танған емес.
«Арқарлар перзентханасы» аталып кеткен тұмса мекенде мыс кеніші ашылмақ
Қытайға іргесі тиіп жатқан Тарбағатай ауданында Маңырақ деген тау бар. Тұғыл ауылынан 15-20 шақырым жердегі Қызылқайың жайлауы сол Маңырақтың қойнауында жатыр. Көнекөздердің айтуынша, өңірдегі арқарлар осы тауға келіп төлдейді екен. Өйткені табиғаты жайлы.
Тарбағатай мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіретін Маңырақ тауының флорасы мен фаунасын кезінде белгілі өлкетанушы, биология ғылымдарының кандидаты, натуралист жазушы Борис Щербаков зерттеген.
– Ертеректе болған бір жайды айтып берейін. Маңырақ тауындағы бір сайды бойлап келе жатып орманды алаңқайға тап болдым. Сол сәтте тау-таста жүрген таутекелер менен үркіп, дүр етіп қашты. Жөңкіген таутекелер бүкіл бір бетті жауып кетті. Керемет көрініс! Сол кезде бейне бір тау беткейі көшіп бара жатқандай болды.
Жалпы, Маңырақ тауының өсімдіктері мен жан-жануарлары алуан түрлі. Таудан Үйдене, Қызылқайың, Құсты, Шорға, Мыңбұлақ, Сырбұлақ, Қандысу сынды өзендер ағып шығады. Ондағы жануарлар мен өсімдіктер әлемін зерттеген ғалым, белгілі орнитолог, зоолог Виталий Хахлов кеңестік кезеңге дейін бұл тауда жолбарыс, елік, жабайы қабан, арқар мекендегенін жазады. Амал нешік, одан бері адамзаттың табиғатқа жасаған қиянаты бәрін құртты, – дейді өскемендік ғалым Борис Щербаков.
Өлкетанушының айтуынша, Маңырақ тауында күннің көзі көп түспейтін терең сайлар бар. Осы жықпылдарда реликті өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлері әлі күнге дейін сақталған. Мәселен, Алтай күнгелдісі сол маңдағы басқа таулардың ешбірінде кездеспейді.
Борис Щербаков Құсты өзенінің бойынан шөппен қоректенетін ірі кесіртке – гадрозавр жұмыртқасының қабығы табылғанын айтты. Оны өткен ғасырда жергілікті палеонтолог ғалым Виктор Ерофеев тапқан. Қабықтың қалдықтары қазір Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталып тұр.
Бұл өлкеде белгілі неміс саяхатшылары Альфред Брем мен Отто Финш те болған. Альфред Брем тауда мекендейтін құстың 16 түрін анықтаған. Алайда шетелдік зерттеушілер аймақты толық аралай алмаған. Олардың зерттеуін жергілікті ғалым Б.Щербаков жалғастырып, тауда мекен ететін құстардың санын 130-ға жеткізген. Басқа жерде сирек кездесетін күшіген, дала бүркіті, ителгі, лашын, күйкентай сияқты құстар Маңырақта өте көп ұшырасады. Жаяу адам қуып жете алмайтын жолақты әбжыланды көргендер де бар. Ғалымдардың айтуынша, негізінен Манчжурия мен Батыс Моңғолияда тіршілік ететін бұл жыланның Тарбағатайдан табылуы таңғажайып құбылыс.
Жерінің үсті жан-жануарлар мен өсімдіктерге қаншалықты бай болса, асты да қазынаға соншалықты толы өлкеге инвесторлардың көзі түсуі тегін емес. Қазір мұнда Шымкент қаласында тіркелген Еast Cooper компаниясы кен барлау жұмысын жүргізіліп жатыр.
Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтуынша, Қызылқайың молибден-мыс кенішінің ашылуы экономикаға тың серпін беріп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізбек, сондай-ақ жоба толық қуатына көшсе жергілікті тұрғындар 1500 тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Ал құрылыс жұмыстары кезінде 3 мың адам еңбекке тартылады екен.
Аудан әкімі болашақ комбинаттың бір өзі ғана 250 МВт электр қуатын тұтынатынын айтты. Ондай энергия Тарбағатайда әзірге жоқ. Сондықтан фабрика жұмыс істеу үшін алдымен қажетті инфрақұрылымды жеткізу керек.
Тарбағатай халқы Қызылқайыңда мыс комбинатының салынуына қарсы емес. Тек болашақ кәсіпорын табиғатты бүлдіріп, адамдардың денсаулығына зиянын тигізбесе екен деп қауіптенеді.
Ол Қызылқайыңда 1965 жылы және 1983 жылы сібір жарасынан ауырып өлген малдың өлекселері көмілгенін айтты. Жұрттың қауіптенетіні де сол — кеншілер абайсызда ауру мал көмілген аумақты қазып тастаса, жұқпалы дерт төңірекке таралуы мүмкін. Халық дабыл қаққан соң жауапты орындар «бұл жерде сібір жарасымен ауырған мал көмілді» деген арнайы белгілерді жаңартып, қоршау орнатты.
Қызылқайың жайлауында жергілікті жеке кәсіпкерлердің жер телімі бар. Баяғыдан бері шаруасын дөңгелетіп, адал еңбекпен табысын тауып отырған бейнетқор шаруалар ертең комбинат іске қосылса, кәсібіне кедергі келе ме деп те алаңдайды. Солардың бірі Тұғыл ауылының тұрғыны Елдос Болатов тау бұлағының төменгі жағында бау-бақша өсіреді.
Ақжардың іргесіндегі қазаншұңқырлар
Ақжар ауылының тұрғыны Жарас Тұрысбеков те Қызылқайыңның ертеңіне алаңдайды. Өңірдегі кез келген мәселеге қатысты ой-пікірін ашық айтып, батыл сөйлейтін белсенді азамат осы әрекеті үшін жұмыстан шығарылыпты.
Алайда аудан әкімі ешкімге қысым көрсетілмегенін жеткізді.
Әңгіме барысында қоғам белсендісі Жарас Тұрысбеков аудан орталығы – Ақжар ауылының дәл іргесіндегі қазып тастаған атшаптырым аумақтың қалпына келтірілмей жатқанына қынжылды. Расында да Қандысу өзеннің жағалауында жер үйдің орнындай қазаншұңқырлар көп екен.
Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ауыл іргесіндегі шұңқырлар кезінде рұқсатсыз қазылғанын, құм-топырақ заңсыз алынғанын айтты. Жергілікті әкімдік болашақта қорыс-қопасы шыққан жағалауды тегістеп, қалпына келтірмек.
Биыл қазан айының соңында облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов бастаған бір топ лауазымды тұлға Қызылқайыңға барып, жергілікті халықпен кездесті Наразы жұрттың көңілін күпті еткен күмәнді ойды сейілтуге тырысты.
Билік өкілдері кен өндіруші компания қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық жауапкершілікті өзіне алатынын мәлімдеді. Өзен-сулар ластанбайды, тау мен тас бүлінбейді, жан-жануарлар мен өсімдіктерге зиян келмейді деді. Ал инвестордың жұмысы билік пен қоғамның қатаң бақылауында болатыны айтылды.
Содан кейін тараптар мәмілеге келгендей болды. Десе де тұрғындар бұл мәселеге сергек қарайды. Кез келген сәтте кен өндіруші компанияның күдікті әрекетін байқаса дабыл қағуға дайын. Өйткені олар бағзыдан мирас болған мекенді келер ұрпаққа қаз-қалпында аманаттауды бұлжымас парызы санайды.
* * *
Бұл мақала F16.kz өңірлік ақпараттық медиасының «Шекаралық аймақтың проблемасы» жобасы аясында дайындалған. Жоба аясында жарық көрген барлық мақала, фото және видеорепортаждар сайтымыздың арнайы айдарында жиналған.