Агрофорум-2025: ШҚО-дағы агросектордың жетістіктері мен өзекті мәселелері

Шығыс Қазақстан облысы өсімдік майын өндіруден республикада көш бастап тұр. Бал, қымыз, шұжық және балық өнімдерін шығарудан да үздіктер қатарында. Бұл туралы Өскеменде өткен Шығыс агрофорумда айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО ҚАЙ САЛАДА КӨШ БАСТАП ТҰР?
Өңірдегі өсімдік шаруашылығының даму қарқыны ерекше атап өтуге болады. Былтыр Шығыс Қазақстан облысы арпа (гектарынан 23,8 центнер) және бидай (гектарынан 23 центнер) өнімділігі бойынша республикада бірінші орынға шықса, рапстан екінші орын (24 ц/га), майлы дақылдардан үшінші орынға (19,1 ц/га) табан тіреген.
СҮТ ӨҢДЕУШІ КӘСІПОРЫНДАР ШИКІЗАТҚА ЗӘРУ
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттің бірі – шикі сүт өндірісін арттыру. Былтыр өңірде 239 мың тонна сүт өндірілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Дегенмен Шығыстағы кейбір кәсіпорындар шикізатпен толық қамтамасыз етілмей жатқанын «Восток Молоко» корпорациясы» ЖШС бас директоры Сейілжан Сайлаубаев айтты.
Шығыс Қазақстан еліміздегі импорттық өнімдердің үлесі ең аз өңірдің бірі десек болады. Біздің өнімдер шетелдік бәсекелесінен дизайн немесе маркетинг тұрғысынан олқы түсуі мүмкін, бірақ сапа жағынан бір мысқал кем емес. Бүгінде біз 100-ден астам сүт өнімін шығарамыз және олардың бәрі халықаралық стандарттарға сай. Бір өкініштісі осы тауарларды экспорттау қиын. Кез келген елде сыртқа тауар шығару мемлекет тарапынан барынша қолдау табады, бізде осы жағы кемшін соғып тұр, – деді Сейілжан Сайлаубаев.
Сонымен қатар бас директор ірімшік өндірісіндегі жетістіктер туралы айтты. Былтыр корпорация беделді Халықаралық ірімшік өндіруші гильдиясының құрметті мүшесі атанды. Компания «КАЧКАВАЛ» тұзды ірімшігімен «Өнеркәсіптік өндірістегі ірімшіктер» санатында алтын медаль иеленіп, Қазақстан, Ресей, Франция, Нидерланды және басқа елдерден келген қатысушыларды басып озды. Сондай-ақ, корпорация «МААСДАМ» ірімшігі үшін күміс, ал «ПАРМЕЗАН» және «ГОЛЛАНД» ірімшіктері үшін қола медаль жеңіп алып, өнімдерінің жоғары сапасын көрсетті.
СУБСИДИЯ КӨЛЕМІ ТОҒЫЗ ЕСЕ ҰЛҒАЙДЫ
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен былтыр облыста көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі ұлғайып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 12 млрд теңгеден астам несие алды. Несие «Аграрлық несие корпорациясының» филиалы мен банктер арқылы ғана емес, алғаш рет «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы да берілді.
Мемлекеттен тыңайтқыштар сатып алуды субсидиялау тиімділігін көрсетті. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда былтыр топырақ құнарын арттыруға бағытталған субсидия көлемі тоғыз есеге дейін ұлайды. Соның арқасында елімізде өсімдік шаруашылығының өнімділігі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 35-40 пайызға артты. Әрине, бұл ретте климаттың қолайлы болуы да оң әсерін тигізді, дегенмен мелекеттік қолдау өз нәтижесін берді.
АҚШ ПЕН ҚЫТАЙДЫҢ САУДА СОҒЫСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Кейінгі кезде өршіп тұрған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының салдарынан жаһандық экономикадағы тепе-теңдік бұзыла бастағанын айтады мамандар. Өйткені аталған елдер – әлемдік нарықтың ең басты ойыншылары. Айталық, АҚШ – әлемдегі жүгері мен сояның аса ірі өндірушісі. Ал оны көп тұтынатын ел – Қытай. Демек екі державаның арасындағы текетірес басқа ойыншыларға мүмкіндік туғызып отыр. Шығыс Қазақстан облысындағы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-ның бас директоры Фарид Абитаев миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтың сұранысын қажетті өніммен қамтамасыз етуде Қазақстан да шет қалмауы керек дейді.
ЕРТІСТІҢ БОЙЫ ЖАҢБЫРЛАТҚЫШ МАШИНАҒА ТОЛАДЫ
Былтыр Алтай ауданының Серебрянка қаласында «Su Bereke» маркалы жаңбырлатып суару машинасын жасайтын жаңа зауыт іске қосылған. Жоба құны – 6 млрд теңге. Бұл аппарат бірінші кезекте суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа зауыт жылына 1 мың машина құрастыруға әлеуетті.
Еrtis Bereke Oskemen ЖШС директорының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары Рүстем Кенжерахманов отандық аппаратты бүгінде жергілікті шаруалар ұтымды пайдаланып отырғанын айтты. Соның арқасында диқандар өнім көлемін үш-төрт есе арттырған.
Жалпы, бұл аппараттың тиімділігі жоғары. Жаңбырлатып суару машинасын қолдану өнімділікті үш-төрт есе арттырады. Ең бастысы отандық машинаның сапасы шетелдік баламасынан еш кем емес және бағасы да қымбатқа түспейді, – деді Рүстем Кенжерахманов.
«ЦИФРЛЫҚ АГРОНОМ»
Агроөнеркәсіп кешені үшін маңызды авторлық жобаның бірін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары таныстырды. Жоғары оқу орнының аға ғылыми қызметкері Алмасбек Мәуліт пен оның командасы тәжірибелі агрономның цифрлық баламасына айналатын портал әзірлеп жатыр. Жоба аясында топырақтың жағдайы, егіс жұмыстарының мерзімі, өнімділік пен тыңайтқыштардың көлемі туралы мәлімет сақталатын сайт құрылады. Агрохимиялық талдауды мультиспектрлі камерасы бар дрон жүргізеді.
ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ТОЗУЫН ТӨМЕНДЕТЕДІ
Университеттің жетекші ғылыми қызметкері Дастан Бүйткенов машина жасау саласы үшін тозуға төзімді материалдар алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Осы мақсатта 7 жыл бұрын «Беткі қабатты инжинирингтеу және трибология» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған. Бұл – тозуға төзімділікті арттыруға арналған қорғаныш жабындарын әзірлейтін инновациялық технологиялар алаңы.
125 INVITROКАРТОП СОРТЫН ӨСІРЕДІ
ШҚУ-дың агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына қосып жатқан үлесі мұнымен шектелмейді. Ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдық материалына талдау жүргізумен қатар, 125 In Vitro картоп сортын сауықтырумен және өсірумен айналысады.
Агрофорумға университет студенттері де белсене қатысты. «Орман ресурстары, аңшылық және ара шаруашылығы» білім беру бағдарламасының бітіруші курс студенттері Алексей Гладышев пен Дарья Сабитова өз стартап жобаларын таныстырды. Олар – ара дернәсілі гомогенатын пайдалана отырып жасалған экологиялық таза ара өнімі, бал, тозаң мен прополис сығындысынан жасалған денсаулық капсулалары, сондай-ақ ара дернәсілі негізіндегі жақпа май.
ТЕРЕҢ ӨҢДЕУГЕ КӨШТІ
Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов бұл саладағы жетістіктер туралы баяндады.
Айта кетейік, май өндіру бойынша көшбасшы өңір — ШҚО аумағында 12 май өңдеу зауыты жұмыс істейді, олар тәулігіне 2000 тоннадан астам майлы дақылдарды өңдеуге әлеуетті. Зауыттардың жүктемесі 86%-дан асады. Өңірдегі кәсіпорындар жаңғыртылып, терең өңдеуге көшіп жатыр. Мысалы, «Алтын Шығыс» май зауыты – күнбағыс дәнінің терең өңделуінің өнімі саналатын биологиялық қоспа – сұйық лецитин өндіреді.
Технологиялардың дамуына байланысты ұшқышсыз ұшу аппараттары ауыл шаруашылығында барған сайын маңызды құралға айналуда. Бүгінде агродрондарды қолдану аграрийлердің жұмысын тиімді етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына ықпал етуде. «Greentech Digital» ЖШС өкілі Никита Дмитриенко агродрондарды пайдаланудың артықшылықтары мен тиімділігі туралы айтты.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған форумға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Қазақстан майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов, Республикалық сүт және аралас мал тұқымы палатасының атқарушы директорының орынбасары Берік Нигмашев және аймақтың ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ғылыми ұйымдардың мүшелері қатысты.
Форум аясында ауылшаруашылық техникаларының заманауи үлгілері, озық агротехнологиялар, дәнді дақылдардың алуан түрі, сүт және бал өнімдері, өңдеуге арналған химиялық препараттар және басқа да тауарлар ұсынылды.
Фото: F16.kz; ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ; C.Аманжолов атындағы ШҚУ




