ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов қайтыс болды

Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Сайлаубекұлы Жұмаділов өмірден өтті.
Нұржан Сайлаубекұлы 1969 жылдың қазан айында Абай облысы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Өскемен құрылыс-жол институты мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы, экономика және бизнес бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Аягөз ауданындағы ДЭУ-25-те жол шебері болып бастаған. Кейіннен прораб, ұйымның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы болып еңбек етті.
2001 жылы «Қазақавтожол» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының 71-жол пайдалану учаскесін басқарды.
2006 жылдан 2009 жылға дейін Автомобиль жолдары комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаментінде бөлім басшысы болып еңбек етті. Одан кейін 10 жылдан астам уақыт ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарды. Біраз уақыт ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарды, кейін басқарма басшылығына қайтып оралды.
Жерлеу рәсімі 4 маусымда Астанада өтеді.
F16.kz редакциясының ұжымы Нұржан Сайлаубекұлының отбасы мен туған-туыстарына орны толмас қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.