F16.KZ
Жарияланды: 11:55, 04 июнь 2025
Жаналықтар / Басты

Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.

Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз әлемдегі ең биік шыңдарға көтерсе, спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.

Президент биыл мемлекеттілігіміздің берік тірегі – Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды. Содан кейін оқуын үздік бітірген курсанттарға ту түбінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын тілге тиек етіп, жас сарбаздарға сөз арнады.

Көк байрақ жауынгерлерге айрықша күш-жігер береді, отаншылдық рухын көтереді. Осындай сәттерде әр азамат туған елге қызмет ету перзенттік парызы екенін терең ұғынады. «Тұлпар мініп, ту алған» жаужүрек батырлардың ұрпағы екенін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін! Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсімде Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты оқу орындарының 14 үздік түлегі Қазақстан Республикасы Президентінің – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды.

Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.

Ту көтеру рәсіміне мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.

Фото: Ақорда

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)